Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жұмыртқа 50 теңге": Шымкентте азық-түлік бағасы қымбаттады

Опубликовано:

Супермаркет1
Көрнекі фото: pixabay.com

Шымкентте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы тағы қымбаттады. Әсіресе өсімдік майы мен жұмыртқа құны өсіп кеткен. Мереке алдында өскен баға әлі түсер емес деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Шымкентте бірінші кезекте жұмыртқа құны шарықтап кеткен. Жарты ай бұрын 30-35 теңге тұрған жұмыртқа бүгінде 50 теңгеден сатылуда.

"Мен азық-түлік алуға келгенмін. Жұмыртқалар өте қымбат екен. Бұрынғыдан 20 теңгеге қымбаттап кеткен ғой", - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Закира Бадырова.

Сатушылардың айтуынша, мереке кезінде жұмыртқаның қымбаттауы қалыпты жағдай. Оның үстіне бағаның шарқытауына құс тұмауы да әсер еткен. Ал саудагерлер болса, азық-түлік оларға да арзанға тимейтінін айтып отыр.

"Біздің қоятынымыз үстіндегі сол 3 теңге, 4 теңге әрі кетсе 5 теңге қоямыз. Енді бізге айтуы бойынша жем қымбаттаған", - дейді сатушы Жомарт Азаматов.

Қалада күнбағыс майының да бағасы өскен. Сұйық майдың 5 литрі - 3 мың теңгегенің үстінде.

"Бұлар енді баяғыда 2 200-2 300 тұғын. Қазір 3 400-ге алдық қой. Еттер қымбаттаған, шекер қымбаттаған", - дейді өзге тұрғын Уәлихан Қалқаманов.

Жергілікті сауда және баға мониторингі бөлімі келтірген дерекке сүйенсек, ет, картоп пен сәбіз де қымбаттай түскен.

"Мереке қарсаңына дейін біз күнделікті ірі сауда нысандарын тікелей өзіміздің бақылауымызда ұстап отырдық. Ал нарықта заңсыз табыс табу, сөз байласу орын алған жағдайда біз қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қабылдаймыз", - дейді Шымкент ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының сауда және баға мониторингі бөлімінің басшысы Қайрат Базарбеков.

Шенеуніктердің айтуынша, көрші аймақтардан жеткізілетін азық-түлік қана қымбаттаған. Ал жақын маңнан жеткізілетін тауарлар әлдеқайда арзан көрінеді.

А. Төребекқызы

Еске сала кетейік, бұған дейін еліміздің бірнеше өңірінде жұмыртқа бағасы қымбаттағанын хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1892406-zmyrtka-50-tege-symkentte-azyk-tlik-bagasy-kymbattady/

pixel