Зейнетақы жинағын алу үшін өтінімді қалай береді: Видеонұсқаулық жарияланды
Жарияланған күні:
"Отбасы банкі" АҚ ресми Instagram парақшасында арнайы интернет-платформамен қалай жұмыс істеуге болатыны туралы видеонұсқаулықты жариялады. Оның көмегімен қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға өтініш бере алады.
"Отбасы банкі" платформамен жұмыс істеу үшін nclayer сертификатын орнату керектігін еске салды. Мұны Pki.gov.kz сайты арқылы жасауға болады.
"Зейнетақы жинақтарын алу бойынша барлық шаралар тек компьютерде қолжетімді болатынын есте ұстаған жөн. Мобильді нұсқасы қолжетімсіз", - дейді банк.
Еске сала кетсек, 23 қаңтарда Қазақстанда тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін берілетін зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға өтінім қабылдау басталған болатын.
Экономикалық өсімді қалпына келтіру шаралары көрсетілген заңға сәйкес қазақстандықтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін алу құқығы беріледі.
Өтінімді enpf-otbasy.kz арнайы порталы арқылы онлайн режимде беруге болады. Өтінім екі күн ішінде қаралады. Бұл процессте "Отбасы банкі" оператор болмақ. Сондай-ақ банк зейнетақы жинағынан ешқандай комиссия ұстамайды.
Өтінім беру үшін азаматтарға электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет. Зейнетақыдан алуға болатын сома жеткіліктілік шегіне тікелей байланысты болады.
Зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге алудың барлық ережелері 21 қаңтарда жарияланды.
Зейнетақыдағы қаражатты БЖЗҚ-ның ресми сайты арқылы, eGov электронды үкімет порталымен, eGov Mobile қосымшасы немесе СМС хабарлама арқылы тексеруге болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1895328-zejnetaky-zinagyn-alu-sin-tinimdi-kalaj-beredi-videonskaulyk-zarialandy/