RU

Тоқаев: Халыққа берілетін шағын несиелердің мөлшерлемесі 6%-дан аспауы керек

Фото
Көрнекі фото: pixabay.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында халыққа берілетін шағын несиелердің мөлшерлемесі 6%-дан аспауы керек екенін ескертті деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Президент "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы халықты жұмыспен қамтудың тиімді құралы екенін атап өтті.

Тоқаевтың айтуынша, "Бастау" бизнес бағыты бойынша 150 мыңнан астам адам оқып шыққан. Бірақ тек 10 пайызы несиеге, 19 пайызы грантқа ие болған.

100 мыңнан астам белгіленген қолдаудан тыс қалды. Әсіресе, бағдарламаның ауылдағы түлектеріне қаржы жетпей жатыр, деді мемлекет басшысы.

"Себебі ауылда банктер мен даму институттарының бөлімшелері жоқ. Сондықтан бағдарламаның қаржы көлемін ғана емес, сонымен қатар оның жүзеге асыру ұстанымдары мен тетіктерін қайта қарауымыз керек. Оған білікті микроқаржы ұйымдарының белсенді қатысуын қамтамасыз ету Үкіметтің міндеті", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар мемлекет басшысы халыққа берілетін шағын несиелердің мөлшерлемесі 6 пайыздан аспауы керектігін баса айтты.

Еске сала кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы басталғанын жазған едік.

Онлайн форматтағы жиында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020 жылғы қорытындылары мен алдағы жоспары талқылануда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1895699-tokaev-halykka-beriletin-sagyn-nesielerdi-mlserlemesi-6-dan-aspauy-kerek/