Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қаржы министрі бюджетке 1 трлн теңге қосымша түсім әкелу үшін не істейтінін айтты

Опубликовано:

Депозит
Көрнекі фото: fingazeta.ru

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев салық және кедендік әкімшілендіру одан әрі қалай жетілдірілетінін түсіндірді. Жүзеге асырылатын шаралар бюджетке қосымша 1 триллион теңге түсім әкеледі деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министрлік салық және кедендік әкімшілендіруді одан әрі жетілдіру және бюджетті толықтыру үшін цифрландыруға баса назар аударған.

Ведомство осы бағытта бірқатар нақты шаралар дайындады:

  • трансшекаралық сауданы бақылауды күшейту;
  • кедендік инфрақұрылымды жаңғырту;
  • ақпараттық жүйелерді жетілдіру және жаңа платформаға көшу;
  • ірі салық төлеушілердің көлденең мониторингін қолдану;
  • халық пен бизнеске арналған мобильді қосымшаларды дамыту;
  • заңнаманы жетілдіру.

Мемлекет басшысының трансшекаралық сауданы бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, шекарадағы заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар әзірленеді.

Тауарлардың жалған транзитін және жеткізілуін болдырмау үшін автокөліктерге навигациялық пломба қойылады.

Қазақстан ЕАЭО елдерінің уәкілетті органдарымен тауарлардың саны мен құны туралы ақпарат алмасады.

"Жасанды интеллект және көлік ағынын автоматты басқару технологияларын енгізе отырып, өткізу пунктерін модернизациялау көзделіп отыр. Қытайлық Эксимбанктің қарызы аясында Ахуалдық орталық құрылысын салу және 9 авто және 1 темір жол өткізу бекеттерін модернизациялау жоспарлануда", – деді Жамаубаев.

Оның сөзінше, "Нұр жолы" өткізу пунктінің үлгісімен басқа да учаскелерде "Электронды кезек" жүйесі енгізіледі. Бұл мобильді қосымша арқылы кезекке алдын ала тапсырыс беруге мүмкіндік бермек.

Министр 2021-2022 жылдары ақпараттық жүйелер оңтайландырылып, модернизациядан өтетінін мәлім етті. Жалпы ақпараттық жүйелер саны 21-ден 6-ға дейін қысқармақ.

Сонымен қатар, қосымша құн салығын әкімшілендіруде Blockchain-технологиясы енгізілмек. Бұл салық төлеуден жалтару тәуекелін азайтады және қолма-қол ақшаға айналдыру мәмілелерін қысқартады.

Одан бөлек, президент тапсырмасына сәйкес ірі салық төлеушілер үшін көлденең мониторинг енгізіледі. Ведомство оны квазимемлекеттік ірі компаниялардан бастауды жоспарлап отыр.

"Көлденең мониторинг салық төлеушілерге шығынды қысқартуға және салықтық бақылау аясында тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік беретін тиімді модель болады", – дейді Жамаубаев.

Сонымен қатар, бұл салықтық бақылауға жұмсалатын қаражатты айтарлықтай азайтуға, өсімпұлдар мен айыппұлдарды болдырмауға мүмкіндік береді.

Министр жеке тұлғалардың мүлкі мен жеріне салынатын салықтар біріктіріліп, бірыңғай төлеммен төленетінін еске салды. Сондай-ақ, көп пәтерлі тұрғын үйлердің меншік иелері үшін жер салығы алынып тасталды.

Жеке кәсіпкерлер үшін "E-Salyq Business" қосымшасы әзірленуде. Жеке кәсіпкерлерді тіркеу мен жабуды, салық есептілігін ұсынуды оңайлату, сондай-ақ комиссияны және фискалдық деректер операторларының қызметтеріне ақы төлеуді алып тастау қарастырылып отыр.

Қаржы министрлігі ақпараттық жүйелер мен цифрлық шешімдерді одан әрі енгізу деректер базасын өзектендіруге және оларды жеделдетуге, салықтық-кедендік әкімшілендіруді оңайлатуға және "көлеңкелі" экономика деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді деп есептейді.

"Жалпы, аталған шараларды іске асыру 1 триллион теңгеден астам қосымша түсім әкеледі деп жоспарлануда", – деді министр.

Жамаубаев қаржы министрлігі қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға дайын екенін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1898015-qarzy-ministri-byudzetke-1-trln-tenge-qosymsa-tusim-akelu-usin-ne-isteitinin-aitty/

pixel