RU

Зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты жаңа мәлімет жарияланды

Зейнетақы жинағы
Көрнекі фото: zhaikpress.kz

Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу ережелеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар "Ашық нормативтік-құқықтық актілер" сайтында талқыланып жатыр.

Осы қағидаларға сәйкес, зейнетақы жинақтары есебінен банк алдындағы қарыздарды ғана емес, жұмыс берушіден алған қарыздарды да өтеуге болады.

Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін келесі жағдайларда пайдалануға жол беріледі:

  • тұрғын үйді сатып алу-сату, айырбастау шарттары бойынша тұрғын үйді меншікке сатып алуға байланысты түпкілікті есеп айырысу;
  • бір банктік қарыз шарты шеңберінде жөндеу жүргізе отырып, тұрғынжайды сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу;
  • тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы салымды толтыру, жеке тұрғын үй салу;
  • ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде тұрғын үй сатып алу;
  • тұрғын үй құрылысы бағдарламалары мен дағдарысқа қарсы бағдарламалар шеңберінде берілген тұрғын үйді жекешелендіру;
  • ипотекалық тұрғын үй қарызын ішінара немесе толық өтеу үшін жеке тұрғын үй салу;
  • сатып алу-сату, айырбастау шарттары бойынша жер учаскесін меншікке сатып алу;
  • белгіленген тәртіппен жергілікті атқарушы органдар тіркеген тұрғын үй-құрылыс кооперативіне қатысу шарты бойынша тұрғын үйдің құны мөлшерінде пай жарналарын төлеу;
  • жұмыс беруші жұмыскерлерге тұрғын үйді меншікке сатып алу үшін берген қарыздар бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеу;
  • тұрғын үй сертификаттары бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеу;
  • ауылдар, ауылдық округтар әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне берілген бюджеттік кредиттер бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеу.

Сондай-ақ жаңа талаптарға сәйкес, зейнетақы төлемдерін алушы мен өтініш берушінің жұбайынан, жақын туыстарынан, сондай-ақ жұбайының жақын туыстарынан жылжымайтын мүлік сатып алуға рұқсат берілмейді.

Зейнетақы төлемдерін өтініш берушінің арнайы шотына есептеу мерзімі 3 күннен 10 жұмыс күніне ұзарды.

Қоғамдық талқылау 2021 жылдың 24 мамырына дейін жалғасады. "Ашық НҚА" сайтында сұрақтар мен ұсыныстар жариялауға болады.

Еске салсақ, Қазақстанда 23 қаңтардан бері зейнетақы жинағын пайдалануға арналған өтінімді қабылдайтын Enpf-otbasy.kz сайты іске қосылды. БЖЗҚ-да жиналған қаражаттың бір бөлігін баспана сатып алуға немесе кеңейтуге, емдеуге немесе инвестициялауға жұмсауға болады. Бүгінде 700 мың қазақстандықтың зейнетақы жинағы шекті деңгейден асып тұр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1912205-zeinetaqy-zinagyn-paidalanuga-qatysty-zana-malimet-zariyalandy/