RU

Сарапшылар шарықтаған пәтер құнын түсірудің жолдарын атады

Баспана
Көрнекі сурет: pixabay.com

2020 жылдан бастап пәтер құны күннен күнге шарықтауының салдарынан бүгінде өз баспанасына қол жектізу көпшілік үшін қол жетпес арманға айналып отыр. Осы орайда бұл мәселені шешудің бірнеше жолын атаған сарапшылардың ұсынысын Нұрфин материалынан оқыңыз.

2020-2021 жылдар аралығында пәтер құны шарықтап, нәтижесінде мамыр айында пәтердің шаршы метрінің орташа құны 335 539 теңгені құрады.

Яғни, ай сайынғы бағаның өсімі 2,6%-ды құрады. Бес ай ішінде, яғни 2020 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда бір шаршы метрдің орташа бағасы 8,3%-ға, ал бір жыл ішінде - 11,8%-ға өсті.

Екінші деңгейлі тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа бағасы бір айда 0,9%-ға өсіп, 264 129 теңгені құрап отыр. Бірақ мұндағы ұзақ мерзімді өсу қарқыны бастапқы нарыққа қарағанда әлдеқайда белсенді: 2020 жылдың желтоқсанынан бастап екінші деңгейлі тұрғын үй 13,3%-ға, ал бір жыл ішінде - 24,2%-ға қымбаттаған.

Осы орайда сарапшылар мен қоғамдастықтар Қазақстандағы тұрғын үй бағасы не себепті өсіп жатқанын анықтауға тырысып, мәселені қалай шешуге болатындығы туралы сөз қозғады.

Кірпіш құрылысын дамыту

Қазақстан құрылысшылар одағы өткен жылы құрылыс материалдарының бағасы едәуір өскенін атап өтті: цемент 40% -ға, арматура 195% -ға , кірпіш 150%-ға, кабель 93%-ға қымбаттаған.

Сондай-ақ, құрылыс саласындағы қызметтердің өзіндік құнының өсуі тағы бар. Осы жайттарды ескере отырып, құрылысшылар одағының басшысы баспана құнын төмендетудің бір жолын ұсынды.

"Біз үйлерді 9 қабаттан аспайтын етіп, кірпіштен тұрғызуды ұсынамыз", - дейді ол.

Маманның пікірінше, қала орталықтарында көпқабатты монолит үйлерді салғаннан гөрі, шеткі аймақтарда кең жерден кірпіштен үй салған әлдеқайда арзанға түседі.

Мәселен, бетонның бір текше метріне 126 келі арматура қажет болса, кірпіштен тұрғызуға 25 есе аз арматурға кетеді (3-5 келі) екен.

Нәтижесінде жаңа аудандардағы инфрақұрылым дамып, қалалардағы жүктеме азаяды дейді ол.

Ал отандық және халықаралық сарапшылар болса, мәселені шешудің өзге жолын ұсынды.

Жеңілдетілген үй алу бағдарламаларын азайту

Көрнекі
Көрнекі фото: pexels.com

Қазақстандық сарапшылар тұрғын үй бағасының өсуіне ең бірінше кезекте жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар мен зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі әсер етуде деген пікірде.

Бұдан бұрын Standard and Poor's халықаралық рейтинг агенттігі жылжымайтын мүлік нарығын ынталандыруға арналған бағдарламалардың көптеп шығуы үй бағасына кері әсер еткенін айтқан болатын. Яғни, халықаралық және отандық сарапшылар бағаның өсуінің негізгі факторы ретінде осы себептерді атап отыр.

Сондықтан, үй алуда қандай да бір жеңілдіктер беретін бағдарламалардың қысқаруы және нарықтық реттеу тетіктерін енгізу, сарапшылардың пікірінше, тұрғын үй нарығына оң әсер етуі мүмкін.

Үкіметтік ұйым өкілдері болса, өзгеше пікір мен болжамдар ұсынды.

Бағаның төмендеуі туралы болжамдар

Баспана алу
Көрнекі сурет: pixabay.com

Бірқатар қызметкер бұған дейін тұрғын үй нарығы биыл тұрақталуы керек деген болжам айтқан болатын.

Мәселен, Инвестиция және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев тұрғын үй нарығындағы толқудың бәсеңдейтінін және баға 2021 жылдың шілде-маусымына дейін тұрақталатынын хабарлаған еді.

"Отбасы банкінің" басшысы Ләззат Ибрагимова да бұл пікірді қостаған болатын. Ол зейнетақы жинақтарын пайдалануға байланысты толқулар сәуірдің аяғында басылады деп болжам жасаған еді.

Сондай-ақ, БЖЗҚ-дан алынатын сомалар айтарлықтай төмендеп, ендігі нарыққа айтарлықтай әсер ете алмайтынын алға тартқан болатын.

"Отбасы банкінің" Алматыдағы филиалының директоры Данагүл Түсіпова да осындай пікір білдірген еді. Ол 2021 жылдың екінші жартысында үйдің бағасы төмендейді деп күтілетінін айтқан.

Алайда, бұл болжамдар әзірге орындала қоймады, елдегі тұрғын үй бағасының өсуі әлі де байқалып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1917873-sarapsylar-saryqtagan-pater-qunyn-tusirudin-zoldaryn-atady/