Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қаржы нарығына жасалатын қысым өсе түсуде": Ұлттық банк төрағасы теңге бағамына қатысты мәлімдеме жасады

Жарияланған күні:

Ұлттық банк. Фото
Ұлттық банк. Фото: nationalbank.kz/kz

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов үкімет отырысында нарықтағы қазіргі жағдай туралы мәлімдеме жасады. Ол геосаяси жағдайдың шиеленісуі және Ресейге қарсы санкциялардың енгізілуі ел экономикасына қалай әсер етіп жатқанын түсіндіріп, Қазақстанның қаржы нарығына жасалатын қысымның арта түскенін жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Пірматов қазіргі таңда Ұлттық банк сыртқы күтпеген өзгерістердің теріс салдарын барынша азайту мақсатында инфляцияның айтарлықтай өсу тәуекелдерін жеңілдетуге, теңге жинағын қорғауға, сонымен бірге елдің алтынвалюта резервтерінің орынды жұмсалуына бағытталған шаралар топтамасын іске асырып жатқанын жеткізді.

"Біріншіден, 24 ақпанда Ұлттық Банк базалық ставканы 13,5 пайызға дейін көтеру жөнінде кезектен тыс шұғыл шешім қабылдады. Бұл шешім ұлттық валюта мен инфляция деңгейіне жасалатын қысымды төмендетуге, сондай-ақ теңгедегі активтердің сақталуына бағытталды.

Екіншіден, үкіметпен бірге бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыру тез арада басталып кетті. Бюджет қаражаты есебінен жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша өтемақы (сыйлықақы) есептеуді көздейтін теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы жарияланды.

Үшіншіден, базалық ставка өскеннен кейін халықтың теңгедегі салымдары бойынша Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ұсыныс жасаған шекті ставкалар да өсті.

Төртіншіден, қаржылық тұрақтылық тәуекелдерін ескере отырып, Ұлттық Банк өткен аптада 176 млн долларға валюталық интервенция жүргізді. Біз интервенциялар туралы ақпаратты жедел жария етеміз", - дейді Ғалымжан Пірматов.

Пірматовтың берген деректеріне сүйенсек, бүгінде мемлекеттің жалпы халықаралық резервтері 25 ақпанда 87,7 млрд доллар (айдың басынан бастап өсім 346 млн доллар), оның ішінде Ұлттық қордың активтері – 54,0 млрд доллар, алтынвалюта резервтері – 33,7 млрд долларға тең болған.

"Ұлттық Банк нарықтық бағам белгілеуге кедергі келтірмей және белгілі бір бағам деңгейінің таргеттелуін болдырмастан, еркін өзгермелі бағам кезінде инфляциялық таргеттеу режимін ұстануды жалғастырады.

Бұл ретте, біз қаржылық тұрақтылық үшін тәуекелдер күшейген жағдайда валюталық интервенцияларды жүргізуді жалғастырамыз.

Қабылданатын шаралар кешені теңгедегі активтердің тартымдылығын сақтауға, долларлану тәуекелдерін және айырбастау бағамына қысымды төмендетуге, сондай-ақ инфляцияның елеулі түрде өсу тәуекелдерін жеңілдетуге бағытталған", - деп түсіндірді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1958548-qarzy-narygyna-zasalatyn-qysym-ose-tusude-ulttyq-bank-toragasy-tenge-bagamyna-qatysty-malimdeme-zasady/