Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Баспана алуға арналған жеңілдетілген "7-20-25" бағдарламасы қашан аяқталады

Жарияланған күні:

Жеңілдетілген "7-20-25" бағдарламасы
Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстандықтар үшін "7-20-25" жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы жұмыс істейді. Барлығы қанша өтінім келіп түсті, қанша өтінім мақұлданды және мемлекеттік бағдарлама қанша уақыт әрекет ететінін KAZ.NUR.KZ тілшісі анықтап көрді.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
"7-20-25" ипотекалық бағдарламасына өзгерістер енгізілді

Қазақстан Ұлттық банкі өзінің ресми парақшасында 2022 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша "7-20-25" бағдарламасын іске асыру аясында 1,5 трлн теңге несие алуға 113 440 өтінім қабылданғанын хабарлады. Оның ішінде 748 млрд теңгеге 57 830 несие мақұлданды.

Бағдарламаға қатысуға халықтың қызығушылығының күрт өскенін атап өткен жөн. 2022 жылғы ақпан-наурыз аралығында 27 955 жаңа өтінім келіп түсті. Салыстырып қарасақ, алдыңғы айларда өтінімдердің жалпы саны бес мыңнан аспаған еді.

Ипотека қай жерде көп рәсімделді?

Егер елдің тек басты мегаполистерін ғана назарға алатын болсақ, мақұлданған өтінімдер саны бойынша Нұр-сұлтан қаласы көш басында тұр. Яғни елордада 200 млрд теңгеге 13 508 ипотека мақұлданды. Алматыда — 123,8 млрд теңге сомаға 8 667 өтінім, ал Шымкентте — 32,6 млрд теңге сомаға 2 813 ипотека ресімделді.

"7-20-25" жеңілдетілген несиемен ипотека
Фото: nationalbank.kz

"7-20-25" бағдарламасының шарттары

Егер сіз "7-20-25" бағдарламасына қатысуға өтінім беруді ойлап жүрсеңіз, онда бірнеше маңызды сәттерді ескеруіңіз керек.

  1. Ипотеканы тек жеке баспанасы жоқ азаматтар ғана рәсімдей алады.
  2. Бағдарлама 25 жылға жылдық 7 пайызбен және бастапқы жарнасы 20 пайыздан кем емес бастапқы нарықтағы тұрғын үй сатып алуға бағытталған.
  3. Сатып алатын тұрғын үйдің қолжетімді бағалары өңірлерге байланысты әртүрлі болуы мүмкін:
  • Нұр-Сұлтан және Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырау сияқты басқа да ірі қалаларда бағаның шегі 25 млн теңгені құрайды.
  • Қарағандыда 20 млн теңгеге дейін тұрғын үй алуға мүмкіндік бар.
  • Басқа өңірлерде бағалар 15 млн теңгемен шектелген.

"7-20-25" бағдарламасының серіктес банктері:

  • Altyn Bank;
  • Банк ЦентрКредит;
  • Еуразиялыө Банк;
  • ForteBank;
  • Freedom Finance Bank;
  • Halyk Bank;
  • Jusan Bank;
  • Bank RBK;
  • Сбербанк.

Бағдарлама өз жұмысын қашан аяқтайды?

"7-20-25" жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасының нақты аяқталатын күні жоқ. Бірақ ақша лимиті бар. Бағдарлама лимиті — 1 трлн теңгеге жеткен кезде автоматты түрде тоқтатылады.

2022 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша 748 млрд теңге сомаға өтінімдер мақұлданды. Яғни бағдарламаның жабылғанына дейін бар болғаны 252 млрд теңге қалды.

Қалған сома толығымен қай уақытта игерілетін айту қиын. Бірақ наурыз айындағы көрсеткіштер ай сайын қайталанса, онда жеңілдетілген ипотека бағдарламасының лимит сомасы 2022 жылдың соңында игеріліп бітеді деп күтілуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1963714-baspana-aluga-arnalgan-zenildetilgen-7-20-25-bagdarlamasy-qasan-ayaqtalady/