Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Халқы табысының басым бөлігін азық-түлікке жұмсайтын елдер арасында Қазақстан көш бастады

Опубликовано:

Көкөніс базары. Көрнекі сурет
Көкөніс базары. Көрнекі сурет: pixabay.com

Сарапшылар қай ел тұрғындарының табысының көп мөлшері азық-түлікке кететінін анықтады. Оған сәйкес аталған тізімде Қазақстан көш бастады, деп хабарлайды РИА Новости.

Басылымның мәліметінше, Қазақстан аталған тізімде 39 елді басып озған. Сарапшылар тізімді әзірлеуде әр елдің ұлттық статистика қызметі ұсынған ақпаратқа сүйене отырып, үй шаруашылығы бюджетіне сараптама жасаған.

Көптеген ел бойынша орташа отбасындағы 2019–2021 жылдардағы статистикалық мәліметтер алынған. Зерттеуде бірқатар мемлекетте уақыт өткен сайын бюджет құрылымы өзгермейтіні, сол себепті статистиканы жыл сайын жаңартпайтыны айтылған.

Басылым жүргізген рейтинг бойынша Қазақстан азаматтары табысының 53 пайызын азық-түлікке жұмсайтыны анықталған. Бұл рейтингтегі ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Бұл ретте Қазақстан халқы мәдени іс-шараларға табысының бар-жоғы 1,5 пайызын, дәмханалар мен мейрамханаларға 1,9 пайызын жұмсайтын болып шыққан.

Аталған тізімде Беларусь Қазақстаннан 4 орын төмен тұр, мұнда тұрғындар азық-түлікке табысының 37,6 пайызын жұмсаса, бос уақытын өткізу мен мәдени іс-шараларға, қоғамдық орындарда тамақ ішуге табысының 3,6 пайызын жұмсайды екен.

Сол сияқты ресейліктердің табысының 32,2 пайызын азық-түлікке жұмсайтыны анықталған. Бос уақытын тиімді өткізуге ресейліктер табысының 5,6 пайызын жұмсаса, дәмханалар мен мейрамханаларда тамақтануға табысының 2,9 пайызын жұмсайтын көрінеді.

Айта кетерлігі тізімге Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан енбеген.

Ал тамаққа табысының ең аз бөлігін жұмсайтын елдердің қатарында Люксембург мен Нидерланд көш бастап тұр. Аталған елдің тұрғындары азық-түлікке табысының бар-жоғы 8,4- 8,7 пайызын жұмсайтыны анықталған. Сондай-ақ зерттеуде Люксембург тұрғындары бос уақытын тиімді өткізуге табысының 5,2 пайызын, мейрамханалар үшін табысының 8,5 пайызын жұмсайтыны айтылған.

Ал Нидерланд азаматтары ойын-сауыққа табысының 7,4 пайызын жұмсаса, дәмханаларда тамақтануға табысының 4,6 пайызын жұмсайтыны белгілі болған.

Еске салсақ, бұған дейін елімізде бір жылда азық-түлік бағасы тағы 24 пайызға қымбаттағанын хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2001096-qazaqstan-turgyndardyn-tabysynyn-basym-boligi-azyq-tulikke-zumsalatyn-elderdin-arasynda-kos-bastady/

pixel