Қазақстанда азық-түлік бағасы бір жылда тағы да 24 пайызға қымбаттаған
Жарияланған күні:
Елімізде биылғы жылдың қараша айының қорытындысы бойынша азық-түлік тауарлары бір айда 1,8 пайызға, ал бір жылда бірден 24,1 пайызға қымбаттағаны белгілі болды. Бұл туралы EnergyProm басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ. хабарлайды.
Басылымның мәліметінше, азық-түлік тауарлары бағасының ең көп айлық өсімі Ұлытау облысында тіркелген, мұнда бұл көрсеткіш бір айда 2,4 пайызды құраған. Одан кейінгі орынға елорда мен Жамбыл облысы жайғасқан. Аталған өңірлерде азық-түлік бағасы бір айда 2,2 пайызға өскен.
Сонымен бірге елімізде бір жыл ішінде азық-түлік бағасы барынша қымбаттаған өңірлер де анықталды. Басылым ұсынған деректерге сәйкес, аталған тізімде бірінші орынды Маңғыстау облысы иеленсе (өңірде азық-түлік бағасы бір жылда бірден 31,4 пайызға қымбаттаған – ред.), екінші, үшінші орынға Ақтөбе облысы мен Шымкент қаласы жайқасқан. Осылайша аталған өңірлердегі азық-түлік бағасының жылдық өсімінің мөлшері - 25,8 пайызды құраған. Ал, азық-түлік бағасы көп қымбаттамаған облыс қатарына Шығыс Қазақстан облысы енген. Мұнда азық-түлік бағасы бір жылда шамамен 22,6 пайызға қымбаттаған.
Бұған қоса, басылым дерегінше, елімізде биылғы жылы жемістер мен көкөністер бағасы да айтарлықтай ұлғайған. Мәселен биылғы жылдың қараша айындағы мәліметтерге сәйкес, жемістер мен көкөністер бір жылда бақандай 17,4 пайызға қымбаттаған. Оның ішінде жаңа піскен жемістердің құны жылына 18,9 пайызға ұлғайса, көкөніс бағасы 11 пайызға өскен.
Сол сияқты, басылымның хабарлауынша, жемістер арасында бананның бағасы бірден 45,8 пайызға қымбаттап 1 келісі 867 теңгені, апельсин — 26,2 пайызға қымбаттап келісі 959 теңгені, алма — 11,3 пайызға қымбаттап келісі 528 теңгені, лимон — 8,6 пайызға қымбаттап келісі 1,2 мың теңгені, кептірілген өрік — 65,4 пайызға қымбаттап келісі 3,8 мың теңгені құраған.
Ал көкөністер ішінде қияр жылына бірден 30,8 пайызға қымбаттап, келісі 691 теңгені, пияз — 26,5пайызға қымбаттап, келісі 116 теңгеге, қызанақ — 14,4 пайызға қымбаттап, келісі 678 теңгеге, картоп — 9,9 пайызға қымбаттап, келісі 155 теңгеге дейін жеткен. Ақ қырыққабат керісінше (16,5 пайызға), сәбіз (4,6 пайызға) және қызылша (1,3 пайызға) арзандаған.
Бұдан бөлек елімізде бір жылда сүт өнімдерінің бағасы да айтарлықтай қымбаттаған. Мәселен, қараша айындағы деректерге сәйкес, сүт өнімдерінің бағасы бір жыл ішінде 30 пайызға артқан. Оның ішінде, ішетін сүт — 30,3 пайызға, сүт консервілері — 42,2 пайызға, ал ашытылған сүт өнімдері — 31,4 пайызға қымбаттаған.
Ел бойынша ет пен ет өнімдерінің бағасы да шарықтап тұр. Осылайша биыл ет бағасы шамамен 16,1 пайызға ұлғайған. Мысалы, сауда орындарында сүйегі бар сиыр етінің келісі орташа есеппен 2,4 мың теңге болса, қой еті — 2,7 мың теңге, шошқа еті — 2,1 мың теңге, жылқы еті — 3 мың теңгеден сатылуда. Сол сияқты тауық етінің келісі — 1,4 мың теңгені, қайнатылған шұжық — 2,6 мың теңгені, жартылай ысталған шұжық — 3,1 мың теңгені құрап отыр.
Басылым ұсынған мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда бірінші санаттағы жұмыртқаның он данасы орташа есеппен 468 теңге тұрады екен. Аталған баға былтырғы бағамен салыстырғанда 20 пайызға қымбат, дейді EnergyProm сарапшылары.
Сол сияқты биыл нан бағасы 19,3 пайызға, жарма 36,8 пайызға, макарон өнімдері 42,2 пайызға, ұн 43,7 пайызға қымбаттады.
Ал, дәнді-дақылдардың ішінде арпа — 44,5 пайызға қымбаттап келісі 368 теңгені, қарақұмық — 38,2 пайызға қымбаттап келісі 718 теңгені, сұлы — 37,5 пайызға қымбаттап, келісі 606 теңгені, жарма — 37,1 пайызға қымбаттап 450 теңгені, күріш — 33,5 пайызға қымбаттап 489 теңгені, тары — 25,2 пайызға қымбаттап 470 теңгені құраған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2000904-qazaqstanda-azyq-tulik-bagasy-bir-zylda-tagy-da-24-paiyzga-qymbattagan/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.