Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандықтың атына өзге адам несие рәсімдеп жіберген болса, не істеу керек

Опубликовано:

Әмияннан төлем картасын алып отырған әйел
Әмияннан төлем картасын алып отырған әйел. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

FinGramota қазақстандықтың атына оның рұқсатынсыз өзге адам кредит рәсімдеп жіберген жағдайда не істеу керек екенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Алаяқтар пайдаланушылардың жеке деректерін ұрлап, өз мақсаттарына пайдалану үшін үнемі әр түрлі схемаларды ойлап табуда. Мысалы, адамның атына астыртын несие рәсімдеп жіберуі мүмкін.

Ондай жағдайда несие тарихы несиені заңсыз ресімдеу фактісін дер кезінде анықтауға көмектеседі. Несие тарихыңызды алаяқтардан сақтану үшін жиі тексеріп отырған абзал.

Несие бюросының деректер базасында Қазақстан бойынша әрбір банк пен несие мекемесінің барлық қарыз алушысы туралы мәлімет бар. Яғни егер адамға кемінде бір рет несие берілген болса, ол туралы толық ақпарат базада көрсетіледі.

Сіздің атыңызға несие рәсімделгені анықталса, не істеу керек?

Деректер базасында пайдаланушыға оның қатысуынсыз берілген несие операциясы да көрініп тұрады.

Ондай кезде алдымен несие берілген кредиттік ұйымның атауын білу керек. Бұл ақпарат несие тарихында көрсетіледі.

Одан кейін несие тарихында көрсетілген барлық ақпаратты егжей-тегжейлі тізе отырып, несие рәсімделген ұйымға өтініш жазуыңыз керек. Төлем картасы немесе жеке басын куәландыратын құжат жоғалған жағдайда оның жоғалғанын растайтын анықтама қоса берілуге тиіс.

Сонымен қатар кредиттік ұйымнан ішкі қызметтік тексеру жұмыстарын жүргізуді талап ету керек. Содан соң өтініш тіркелуі керек, ал тіркеу нөмірі мен қабылданған күні көрсетілген құжаттың көшірмесі өтініш берушіге табысталуға тиіс.

Несие беруші қосымша құжаттарымен бірге қарыз шартының көшірмесін, жеке басын куәландыратын құжаттарды, сондай-ақ ақша аударылған шоттың деректемелерін ұсынуы керек.

Алаяқтықтың құрбаны болған адам несие берген және келісімшартты рәсімдеген қызметкердің деректерін де банктен нақтылап, сұрауға тиіс.

Несие ұйымы құжаттарды беруден бас тартқан жағдайда сіз Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым түсіре аласыз.

Қоңырау қабылдап отырған полиция қызметкері
Полиция қызметкері. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Полицияға жүгінгенде не істеу керек?

Сондай-ақ тез арада құқық қорғау органдарына арыз жазу қажет.

Егер қолтаңба сараптамасы жүргізілсе, келісімшарттағы қолтаңбаның өтініш берушіге тиесілі емес екені анықталуы мүмкін.

Егер несие банкоматта берілген болса, онда бейнекамера орнатылған болуы керек және несие алған адамды бейнежазбадан анықтауға мүмкіндік бар.

Егер несие онлайн түрде алынса, полиция несие алған адамның мекенжайын IP адресі арқылы анықтай алады. Айта кетейік, сіздің атыңызға бейтаныс адамдар ғана емес, құжаттар мен банк деректері сеніп тапсырылған адамдар да несие рәсімдеп жіберуі әбден мүмкін, олардың ішіне - туыс, дос-жарандар да кіреді.

Кредиттік ұйым несиені алаяқтар рәсімдегені жайлы дәлел таппаса, тұрғылықты жеріңіз бойынша келісімшартты жарамсыз деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгіну қажет.

Сот оң шешім қабылдаған жағдайда несие ұйымы:

  • қарыз алушыдан қарызды төлеуді талап етуді тоқтатуға тиіс;
  • қарызды есептен шығаруы керек;
  • несие бюросына басқа біреудің несиесі туралы ақпаратты несие тарихынан жою туралы хат жолдауы керек.
Банкомат алдында ақша алып шешіп тұрған адам
Банкомат алдында ақша алып шешіп тұрған адам. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Несие операциясы туралы ақпаратты қайдан алуға болады?

Несие тарихын бірінші кредиттік бюро мен "Электрондық үкіметтің" сайтынан жүктеп алуға немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары мен Қазпошта бөлімшелерінен сұратуға болады.

Жылына бір рет тиісті құжаттарды сұрату қызметі тегін көрсетіледі, ал өтініш бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 400 теңге тұратын болады.

Тіпті ештеңе болмаған жағдайдың өзінде сарапшылар сақтандыру шарасы ретінде жеке несие операциялары туралы есепті жиі сұратуды ұсынады.

Алаяқтардың құрбаны болмау үшін жеке деректерді үшінші тұлғаларға бермеу сияқты қарапайым сақтық ережелерін ұстанған жөн.

Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық банктер мен ұялы байланыс операторлары көпшілікке үндеу жасағаны туралы жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2016579-qazaqstandyqtyn-atyna-ozge-adam-nesie-rasimdep-zibergen-bolsa-ne-isteu-kerek/

pixel