Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көлікті басқа елге сатқан кезде утильалымды қайтаруға бола ма

Опубликовано:

Кәдеге жаратуға жіберілген автокөліктер
Кәдеге жаратуға жіберілген автокөліктер. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақстанға көлік кіргізген жағдайда көліктің иесі ол үшін тиісті салық пен утильалым төлеуге міндетті, бірақ утильалымға кеткен ақшаны қайтаруға болады. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Қазақстанда 2023 жылдың басында шамамен 3,9 миллион автокөлік тіркелді, оның басым бөлігі 10 жылдан асқан көліктер. Оның үстіне соңғы жылда ескі көліктердің саны 63,4 пайыздан 70,6 пайызға дейін өскен.

Утильалым еліміздегі "автоқоқыстың" үлесін төмендетуге бағытталған негізгі құралдардың бірі болып табылады. Шетелден әкелінетін көліктерге қосымша төлемдер енгізу ескірген көлікті сатып алуды қазақстандықтар үшін тиімсіз етеді.

Сонымен қатар утильалымнан түскен қаржы отандық машина өндірісін қолдауға жұмсалады. Еске сала кетелік, Қазақстанда жеңілдетілген автокөлік несиесі утильалымнан жиналған ақшаға да іске қосылған болатын.

Дегенмен көпшілікке кей жағдайларда утильалымының ақшасын қайтаруға болатыны беймәлім. Мәселен, "Жасыл Даму" АҚ артық төленген сомаларды қайтару және (немесе) алдағы төлемдер кезінде есепке алу туралы ережесіне сәйкес утильалымы төленген өнімді Қазақстаннан шығарған кезде ақшаны қайтаруға болады.

Басқаша айтқанда, көлік иесі темір тұлпарын шетелге сатқан жағдайда ол утильалым төлемін қайтара алады.

Ақшаны қалай қайтаруға болады

Көлікті шетел азаматына сатқан жағдайда ең алдымен "Жасыл Даму" мекемесіне өтінішпен жүгіну керек, өйткені ол Қазақстанда автокөлік қалдықтарын жинаумен айналысады.

Өтінішті doculite.com немесе eotinish.kz сайтында беруге болады. Өтінішке ЭЦҚ-мен қол қоясыз. Өтініштің нақты жазылу ережесі жоқ, бірақ ішінде міндетті түрде мынадай ақпарат болуға тиіс:

  • Аты-жөніңіз, нақты мекенжайыңыз, байланыс деректеріңіз: телефон нөмірі және электрондық пошта;
  • қайтаруға болатын утильалымының сомасы;
  • қайтару үшін банк шотының 20 сандық нөмірі;
  • өтініште көрсетілген утильалымының артық төленген сомасы бойынша оператор берген сертификаттың нөмірі мен күні;
  • қайтару себебі.

Утильалымға кеткен ақшаны қайтару үшін бірыңғай ақпараттық жүйеде міндетті түрде Қазақстаннан шығарылғанына байланысты көлік құралын есептен шығару туралы ақпараттың болуы шарт.

Сондай-ақ өтінішке қайтару себебін растайтын құжаттар тізімі қоса берілуі керек:

  • сатып алу-сату бойынша келісімшарт;
  • көлік құралын тіркеу туралы куәлік;
  • көлік құжаттары (коносамент немесе халықаралық CMR жүкқұжаттары не шекарадан өту билеті я болмаса Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) шекара қызметінен көліктің Қазақстаннан шығарылғанын растайтын хат);
  • қабылдау-тапсыру актісі (бар болған жағдайда);
  • егер автокөлік ЕАЭО-ға мүшелік етпейтін елге экспортталса, онда азамат экспорттық кедендік декларацияны тіркеуі қажет.

Кәдеге жарату алымына төленген ақшаны қайтарғысы келетін қазақстандық барлық құжатын жинауы керек, бірақ оның өзінде қаражат азаматқа бірден түспейді.

Өтінішті қарау мерзімі – 7 күн, алайда оператор көліктің елден кеткен фактісін растау үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сұрау жібере алады. Мемлекеттік органдардан жауап келгенге дейін өтінішті қарау тоқтатылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2018970-kolikti-basqa-elge-satqan-kezde-utilalymdy-qaitaruga-bola-ma/

pixel