Қазақстанда мүгедектік бойынша жәрдемақы мөлшері қаншалықты өседі
Жарияланған күні:
Читать на русскомҚазақстанда азаматтардың жекелеген санаттары мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы. Берілетін кей жәрдемақы түрінің мөлшерін 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап ұлғайту жоспарлануда. Аталған өзгерістер кімдерге қатысты қабылданатынын KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Қазақстанда азаматтардың жекелеген санаттары үшін әр түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, әйелдер жүктілік кезінде, босанғаннан кейін, сондай-ақ ата-аналар 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы алуға құқылы.
Сонымен қатар елімізде мүгедектерге, көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылар мен аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек қарастырылған.
Қазақстанның Әлеуметтік кодексінің аясында 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап аталған жәрдемақылардың бір бөлігі ұлғайтылады. Бұған дейін елімізде 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға төленетін жәрдемақы мөлшері – 6,4-тен 7,4 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) немесе 2023 жылы 25 530 теңгеге дейін өсетіні туралы хабарланған болатын.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бұл өсім басқа санаттағы азаматтарға, соның ішінде мүгедектігі бар азаматтарға да қатысты.
"Әлеуметтік кодекс аясында 1 шілдеден бастап мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының, арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мен мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға берілетін жәрдемақының мөлшері орта есеппен 14,5 пайызға өседі", – деді ведомствоның вице-министрі Назгүл Сағындықова.
Қолданыстағы заңға сәйкес, мүгедектіктің тобы мен себебіне байланысты бұл жәрдемақының мөлшері 1,04 еселенген ең төменгі күнкөріс деңгейінен 3,44 еселенген ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейін, яғни айына 42 190 теңгеден 139 551 теңгеге дейін өзгереді.
Әлеуметтік кодекстің 176 бабына сәйкес, аталған жәрдемақының ең төменгі мөлшері биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі бойынша 48 681 теңгеге, ең жоғары деңгейі бойынша 159 834 теңге дейін өседі.
Еске сала кетейік, мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін кейбір әлеуметтік төлемдердің мөлшері де 14,5 пайызға өседі.
Бұған дейін мүгедектігі бар қазақстандықтарға қандай төлемдер қарастырылғаны туралы жазған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2023096-qazaqstanda-mugedektik-boiynsa-zardemaqy-molseri-qansalyqty-osedi/