Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде жол апатын полиция шақырмай тіркеуге болатын қосымша іске қосылмақ

Опубликовано:

Құжаттар
Құжаттарды толтырып отырған адамдар. Көрнекі сурет: pexels.com

Жол-көлік оқиғасын тіркеу мәселесін жылдам шешу мүмкіндігі қазақстандықтардың сақтандыру төлемдерін алу үдерісін жеңілдете алады. Жобаны әзірлеу қандай кезеңге жеткені туралы KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

2023 жылы 29 маусымда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының және сақтандыру ұйымдары басшыларының, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы, "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" АҚ өкілдерінің және "Бірінші несиелік бюро" ЖШС-нің қатысуымен кездесу өткен еді.

Қаржы реттеушісінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу кезінде автокөлік иелерін міндетті сақтандыру саласындағы бірқатар мәселе, соның ішінде азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру тарифтерінің есебін қайта қарау мәселесі талқыланды.

Сондай-ақ Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры және Бірінші несиелік бюро өкілдері еуропротоколдың сынама мобильді қосымшасын таныстырды.

Еуропротокол дегеніміз не

Бұл жол-көлік оқиғасын рәсімдеу бойынша жеңілдетілген схеманың термині. Ол полиция қызметкерлерінің қатысуынсыз міндетті сақтандыру бойынша төлемдерді алуға мүмкіндік береді.

"Еуропротокол тек екі көлік апатқа ұшыраған жағдайда адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтірілмесе және үшінші тұлғалардың мүлкіне зияны тимеген кезде қолданылады.

Жол-көлік оқиғасының қатысушыларында міндетті автосақтандыру полистері болуы керек.

Тараптар жол-көлік оқиғасына кім кінәлі, кім зардап шеккенін өзара анықтап, белгіленген шектегі келтірілген залал мөлшеріне (100 АЕК) келісуі керек", - дейді қаржы реттеушісінің баспасөз қызметі.

Яғни, 2023 жылы келтірілген шығын мөлшері 345 000 теңгеден аспауы керек.

Мұндай шара жол-көлік оқиғасын тіркеу процесін жеңілдетіп әрі рәсімдеуге кететін уақытты айтарлықтай үнемдеп қана қоймай, сондай-ақ көлік кептелісін де азайтады.

Жоба қашан іске қосылады

Дереккөздің мәліметінше, мобильді қосымшаны сынақтан өткізу 2023 жылдың үшінші тоқсанында басталады. Төртінші тоқсанда еуропротоколдың мобильді қосымшасының пилоттық деңгейдегі апробациясы жоспарлануда.

Ал 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап мобильді қосымшаны толық іске қосу жоспарлануда.

"Бұл мобильді қосымшаны пайдалана отырып, тұтынушылар 2024 жылдан бастап жол полициясын шақырмай және сотқа жүгінбей-ақ жол-көлік оқиғасы болған жерде сақтандыру төлемдерін алуға өтініш бере алады", - деп хабарлайды қаржы реттеушісі.

Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі делдалдарға жүгінген азаматтар қаражатын жоғалтып алуы мүмкін екені туралы хабарлаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2027099-elimizde-zol-apatyn-policiya-saqyrmai-tirkeuge-bolatyn-qosymsa-iske-qosylmaq/

pixel