Қазақстанда лауазымды тұлғаларға берілетін қандай сыйлық пара деп саналмайды
Жарияланған күні:
Қазақстандықтар мемлекеттік қызметкерлерге, дәрігерлерге немесе өзге де лауазымды тұлғаларға алғыс ретінде сыйлықтар бере алады. Алайда мұның соңы қомақты айыппұлға ұласуы мүмкін. Осы орайда қандай сыйлық пара деп саналмайтынын KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Кей жағдайларда материалдық сыйлықтар (гүлдер, шоколад және т.б.) пара деп бағалануы мүмкін. Пара берушіге қарастырылатын жауапкершіліктің мөлшері параның құнына байланысты болады.
Бұл ретте қазақстандықтар құны бойынша арзан сыйлық пара беру болып саналмайды деген пікірде. Бұл мәселені заң тұрғысынан қарастырайық.
Қандай сыйлық пара болып есептеледі
ҚР Әкімшілік кодексінің (ӘҚБК) 676-бабына сәйкес кез келген сый-сияпат, жеңілдіктер, тіпті қызмет көрсету заңсыз материалдық сыйақы (пара) деп танылады.
Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (ҚК) 367-бабындағы ескертпеде ағымдағы жылы құны 2 АЕК – 6900 теңгеден аспайтын сыйлықтар қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқпайды делінген.
Яғни, егер сыйлық құны осы сомадан төмен болып шықса (мысалы, тіпті 50 немесе 200 теңге), онда пара беруші әкімшілік жазаға тартылады – 200 АЕК немесе 2023 жылғы көрсеткіш бойынша 690 000 теңге көлемінде айыппұл салынады.
Ал пара алушыға (сыйлықты қабылдаған) айыппұл Әкімшілік кодекстің 677-бабына сәйкес 600 АЕК немесе 2 070 000 теңгені құрайды.
Яғни, бұл кез келген құнды, тіпті ең арзан сыйлық пара болып есептеліп, пара беруші мен пара алушы әкімшілік жазаға тартылады деген сөз.
Ал 2 АЕК-тен (6900 теңге) жоғары болса, бұл қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады.
Пара бергені үшін қылмыстық жаза
Егер қазақстандықтар уәкілетті тұлғаға қандай да бір заңсыз артықшылықтар үшін құны 2 АЕК-тен (6 900 теңге) асатын сыйлық тапсырса немесе қызмет көрсетсе, онда олар одан да ауыр жазаға тап болуы мүмкін.
Осылайша, Қылмыстық кодекстің 367-бабына сәйкес, бұл үшін жеке тұлғаларға параның жиырма еседен отыз есеге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салынады не мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Мысалы, егер сыйлық 10 000 теңгеге бағаланса, онда айыппұл 200 000 теңгеден 300 000 теңгеге дейін болуы мүмкін.
Ал егер пара 10 000 АЕК (2023 жылға 34 500 000 теңге) сомасынан асып кетсе, онда ол үшін:
- не параның отыз еседен қырық есеге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салынады;
- не мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
Сондықтан қазақстандықтар уәкілетті адамдарға және оларға теңестірілген азаматтарға көрсеткен қызметтері үшін алғыс ретінде қандай да бір сыйлықтар, тіпті ең арзан сыйлықтар бермеуге тиіс.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2036217-qazaqstanda-lauazymdy-tulgalarga-beriletin-qandai-syilyq-para-dep-sanalmaidy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.