Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда азаматтың несие тарихын несие алуға өтінім берген сайын жаңартып отыру жоспарлануда

Опубликовано:

Ақша және тізім
Ақша және тізім. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қазақстанда банктер мен микроқаржы ұйымдарына әр азаматтың несие алу туралы өтінішін бірден тіркеп отыруды міндеттеу жоспарланып отыр. Яғни азаматтың несие тарихы несие алуға өтінім берген сайын жаңартылып отыратын болады. Бұл алаяқтармен күресуге бағытталған шара болмақ. Жаңа қаулы жобасы қабылданған жағдайда, бұл азаматтарға қалай әсер ететінін KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Қазақстанда белсенді түрде алаяқтармен күрес жүргізіліп жатыр. Мәселен, бұған дейін елімізде алаяқтарға алдану салдарынан алынған шағын несиелерді есептен шығаруға мүмкіндік беретін жаңа ереже енгізілген болатын.

Дегенмен қарыз алушыларды қорғау шаралары мұнымен шектелмейді. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктер мен микроқаржы ұйымдарын (МҚҰ) несие алуға қатысты әрбір өтінімді тіркеп, сәйкесінше ақпаратты кредиттік бюроға жіберуді міндеттеу мәселесін қоғам талқысына қойып отыр. Тиісті қаулы жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды.

Дәлірек айтсақ, жіберілуге тиіс ақпараттың ішінде өтініш беру күні, сұралған сома мөлшері, несиенің мақсаты мен статустың жаңарғаны туралы мәлімет қамтылуы керек. Яғни тек мақұлданып, берілген несиелер ғана емес, сонымен қатар кредит алу бойынша берілген өтінімдер туралы ақпарат та ұсынылуға тиіс.

Кредиттік бюролар да өз кезегінде банктер мен микроқаржы ұйымдарынан келіп түскен сұраныс негізінде несие алу бойынша нақ осы уақытта берілген барлық өтінім туралы ақпаратты ұсынуға міндетті болады. Бұл мәлімет қазақстандықтың несие тарихында да пайда болуы керек. Жоба авторларының пікірінше, бұл ереже алаяқтардың қолын қысқартып, клиенттердің алаяқтарға ұрыну тәуекелдерін мүмкіндігінше азайтуға тиіс.

Алайда бұл талаптар тек кредиттік бюроларға, банктерге және микроқаржы ұйымдарына қатысты болмақ. Бұл ретте ломбардтарға, кредиттік серіктестіктерге, сондай-ақ сервистік компаниялар мен коллекторлық агенттіктерге бұл шарттар қойылмайды, өйткені олар микрокредитті электронды түрде бермейді, не мүлде бермеуі мүмкін.

Қазіргі уақытта жоба қоғамдық талқылауға шығарылған. Ол 7 желтоқсанға дейін жалғасады. Сондықтан азаматтың несие тарихын несие алуға өтінім берген сайын жаңартып отыру мәселесі әзірге тек қаралып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр алаяқтықпен күрес аясында Қазақстанда қарыз алушылардың несие тарихын жаңарту мерзімі – 15 жұмыс күнінен 1 жұмыс күніне дейін қысқартылғаны хабарланған еді.

Сондай-ақ Қазақстандықтың атына өзге адам несие рәсімдеп жіберген болса, не істеу керектігін жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2047738-qazaqstanda-azamattyn-nesie-tarixyn-nesie-aluga-otinim-bergen-saiyn-zanartyp-otyru-zosparlanuda/

pixel