Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда Жаңа жылға жалға берілетін үйлердің бағасы қандай

Опубликовано:

Жаңа жылға орай безендірілген үй
Жаңа жылға орай безендірілген үй. Көрнекі фото: Getty Images / stock photo

Алматыда Жаңа жылға орай үйді 80 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейінгі бағаға жалға алуға мүмкіндік бар. Дегенмен бір жылдың ішінде арзан жалдамалы үйлер саны азайған. "Крыша" порталы мереке қарсаңында жалдамалы үй бағасы қаншаға жеткенін анықтап көрді. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Кейбір алматылықтар Жаңа жылды жалдамалы үйлерде достарымен, таныстарымен бірге қарсы алғанды жөн көреді. Осы орайда сарапшылардың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда биыл арзан үйлер айтарлықтай азайған. Ал бір күнге жалдау құны 700 мың теңгелік және одан жоғары үйлер саны, керісінше, артқан.

Ең арзан пати-хаус бағасы – 80 мың теңге. Дегенмен мұндай үйлерде бір гәп бар. Үй иелерінің басым бөлігі тек жалпы үйді жалдау құнын көрсетуі мүмкін. Мысалы, моншаны, бассейнді, кейде тіпті жатын бөлмелерді пайдалану үшін олар қосымша ақы сұрауы ықтимал. Сондай-ақ клиент караоке, бильярд, моншаны қызыту, камин және барбекю үшін қосымша ақы төлеуге тиіс болуы мүмкін.

Моншасы бар үйді бір күнге жалға алу құны – кемінде 150 мың теңге. Көбіне бұл шамамен сегіз адамнан тұратын бір топ адамға арналған шағын саяжайлар. Бірақ ондай үйлер көп емес.

Көбіне үйдің бағасы шамамен 300-500 мың теңге аралығында көрсетіледі. Бұл сомаға алматылықтар мен қала қонақтары үлкен қонақ бөлмесі, асханасы және бірнеше жатын бөлмесі бар екі қабатты коттеджді жалға ала алады. Кейбіреуінің ауласында тіпті автотұрақ, бассейн, монша және барбекю алаңы қарастырылған.

Әдетте, мұндай үйлер бір топ адамға арналған және барлық қажетті ыдыс-аяқтармен жабдықталған. Олардың ішіне караоке, бильярд, дискотека ұйымдастыруға арналған музыкалық аппарат, үстел ойындары, т.б. ойын-сауыққа арналған жабдықтар кіреді.

Ал бағасы 700 000 теңге және одан жоғары жалдамалы үйлер – көбіне Іле-Алатау ұлттық саябағының маңында орналасқан коттедждер. Онда аспаздардың, даяшылардың және шоу-бағдарламалардың қызметінен бөлек, тауда серуендеуге арналған жабдықты жалға алуға мүмкіндік бар әрі атқа мінуге бронь жасауға болады.

Сарапшылардың айтуынша, Жаңа жылда не мереке қарсаңында Алматыда ең қымбат жалдамалы үй бағасы күніне 1 500 000 теңге тұрады.

Қыс мезгілінде таулы аймақта орналасқан жер үйлер
Қыс мезгіліндегі жер үйлер. Көрнекі фото: pixabay.com

Жалдамалы үйлердің бағасы неге байланысты

Мереке қарсаңында пати-хаусты (мерекелік күндерге арналған жалдамалы үй) жалға алу бағасына әсер ететін бірінші фактор – оның орналасқан жері. Таулар мен ұлттық саябаққа неғұрлым жақын болса, соғұрлым қымбатырақ. Ең қымбат жалдамалы үйлер Медеу және Бостандық аудандарында орналасқан.

Алайда сарапшылардың сөзіне сенсек, бұл үйлер сізге ұнамаса, бұдан бөлек т.б. үйлер бар. Наурызбай және Талғар өңірлеріндегі коттедждер шамамен 50 пайызға арзан, бірақ олар таудың етегінде орналасқан. Ал ең қымбат жалдамалы үйлер Түрксіб, Алатау және Жетісу аудандарында.

Оған қоса қонақ бөлмесі, ас үйі және жатын орны қарастырылған жалдамалы үйдің бағасына бұл бөлмелердің саны мен көлемі әсер етеді. Оның үстіне, пати-хауста камин, әр түрлі тұрмыстық техника, сауна, бассейн, барбекю алаңы және т.б. болған жағдайда жалдамалы үйдің бағасы айтарлықтай жоғарылауы мүмкін.

Айта кетейік, кейде үй иелері/үйді жалға берушілер жеке шарттарын қоюы ықтимал. Мәселен, кейбіреулер тіпті тағы қонақтар келгені үшін қосымша ақы талап етуі мүмкін. Мысалы, алғашында пати-хаусты жалға беруші мен оны жалдаушылар тек 10 адам болады деп келісіп, кейін тағы қонақтар келсе, онда пати-хаусты жалдаушы олар үшін қосымша ақы төлеуге мәжбүр болады – бір адамға орта есеппен 5 000-15 000 теңге.

Кейбір үй иелерінде пати-хаусты безендіруге байланысты жеке талаптары болуы мүмкін. Біреулері үйін қалауы бойынша безендірсе, біреулері мерекелік атрибутикаға тіпті қарсы болуы мүмкін, ал үйдің ішінде конфетти атса, я болмаса бенгаль отын жақса, шағым түсіріп, айыппұл салуы ықтимал. Сондықтан шарт жасасқанда мұндай мәселелерді жалға берушімен алдын ала талқылап алған абзал.

Жалпы Жаңа жылды жалдамалы үйде қарсы алуға бел буған қазақстандықтар шығынға батпауға әрі мерекені жақсы қарсы алуға көмектесетін кей ережелерді есте ұстағаны жөн.

Мәселен, үйді және пати-хаус иесінің құжаттарын тексермей, алдын ала төлем жасамаған дұрыс. Сізбен байланысқа шыққан адам – үйдің иесі екеніне көз жеткізуіңіз керек – ол үйдің құжаттары мен жеке куәлігін көрсетуге тиіс. Ал егер коттеджді жалға беріп жатқан адам өзі де оны жалдаған болса, онда сенімхат көрсетуін талап ету қажет.

Үй бір күнге ғана жалға берілгенімен, жалдау шартын назардан тыс қалдырмаған жөн. Бұл жалға алушылардың мүддесін қорғауға және ыңғайсыз жағдайға тап болмауға көмектеседі. Мысалы, егер пати-хаус иесі кенеттен жалдау бағасын көтеріп жібергісі келсе не үйін тіпті жалға беруден бас тартса, сіз пати-хаус иесіне төленген ақшаны кем дегенде екі еселеп қайтаруын талап ете аласыз.

Осылайша қазақстандықтар мерекеге орай өзіне әрі бюджетіне сай жақсы үй таба алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2050214-almatyda-zana-zylga-zalga-beriletin-uilerdin-bagasy-qandai/

pixel