Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда Жаңа жыл қарсаңында қалай ақша табуға болады

Опубликовано:

Безендірілген шырша
Безендірілген шырша. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Жаңа жыл қарсаңында және мереке кезінде тек Аяз ата мен Ақшақар болып жұмыс істеудің қажеті жоқ. Даяшылар, жүргізушілер және жеткізушілер де әдеттегіден көбірек табыс таба алады. Елімізде Жаңа жыл қарсаңында және мереке күндері қосымша табыс табу жолында тағы қандай тиімді қызметтер бар? Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Жаңа жыл мерекесінде сіз демалып қана қоймай, жақсы уақыт өткізе аласыз. Ал кей қазақстандықтарға бұл көбірек ақша табу үшін жақсы мүмкіндік болуы мүмкін.

HeadHunter жұмыс іздеу порталының сарапшылары жаңа жылда еңбекқор қазақстандықтар үшін уақыты жағынан тиімді жұмыстардың тізімін жариялады. Сарапшылардың айтуынша, мереке күндері тек Аяз ата мен Ақшақар болып киініп, аниматорлық қойылымдар қоюдың қажеті жоқ.

Такси жүргізушісі, я болмаса алкоголь ішпеген жүргізуші

Әдетте мереке күндері адамдар бір-біріне қонаққа барып, құттықтау айтып жатады, ал біреулері мейрамханаларға, клубтарға барып, атап өткенді жөн көреді. Бірақ кейде Жаңа жылды акогольдік ішімдіксіз тойлай алмайтын адамдар да табылып жатады.

Бұл күнде такси жүргізушілері мен алкоголь ішпеген жүргізушілердің қызметіне сұраныс артуы ықтимал, сондықтан алкогольдік ішімдіктен бас тартқан адамдар үшін немесе мерекені алкогольсіз тойлауға ниеттенгендерге бұл ақша табудың жақсы мүмкіндігі. Оған қоса мереке қарсаңында және мереке кезінде тасымалдаушы қызметтер үшін тариф мөлшері әлдеқайда жоғарылай түседі.

Алайда алкогольге масаң күйдегі кей клиенттер мереке күндері өздерін тәртіпті ұстай алмағандықтан, кейде жүргізушілердің көтеріңкі көңіл күйін бұзуы мүмкін. Көлік жүргізушілері үшін бұл олжалы күн болғанның өзінде сақ болуға шақырамыз.

Жеткізуші (курьер)

Жеткізушілерге келсек, олар үнемі қажет, ал Жаңа жыл қарсаңында, әсіресе мерейлі күндер кезінде оларға деген сұраныс тіпті айтарлықтай жоғарылайды. Өйткені кей адамдар сыйлық жіберуге уақыты болмауы мүмкін, ал біреулері үйге көбірек азық-түлік сатып алғысы келіп, дүкенге бара алмауы ықтимал.

Жаңа жылда жұмыс істеп жүрген жеткізуші
Жаңа жылда жұмыс істеп жүрген жеткізуші. Көрнекі фото: SrdjanPav/Getty Images

Бұл қызметтің басты артықшылығы – кез келген адам жеткізуші болып жұмыс істей алады. Жеткізуші болу үшін жұмыс тәжірибесі мен арнайы дағдылар қажет емес, жеткізушілерде тіпті жеткізу аймағын немесе жұмыс кестесін таңдау мүмкіндігі бар. Сондай-ақ бос жұмыс орындарының ішінде мүгедектігі бар адамдар мен 14 жастан асқан жасөспірімдерге де жарамды қызметтер қарастырылған. Оған қоса көптеген компанияда күнделікті жалақы берілуі ықтимал.

Дегенмен бұл қызметтің кемшіліктері де бар, мысалы, ауа райы нашарлауы мүмкін. Ауа райы қолайсыз болса да, жолдарда кептеліс туындаса да, жолдар қардан тазартылмаса да, тіпті белгіленген мекенжай алыс болғанның өзінде тапсырысты жеткізуге мәжбүр боласыз.

Даяшылар

Желтоқсанда компаниялардың басым бөлігі өз қызметкерлеріне Жаңа жылға орай корпоратив пен сауық кештер ұйымдастырады. Мереке уақытында мейрамханалар мен кафелер ірі тапсырыс қабылданған жағдайда іс-шараға алдын ала дайындалады: олар іс-шара күні бүкіл қызметкерін жұмылдырып, тіпті уақытша қызметкерлерді жұмысқа алуы мүмкін. Даяшылықтан бөлек, бармен мен бариста жұмыс орындары да өзекті болуы ықтимал.

Бұл қызмет түрі көп тәжірибені қажет етпейді, есесіне бірнеше күннің ішінде әжептәуір қаражат жинауға мүмкіндігіңіз бар. Сонымен қатар көптеген қазақстандық даяшыларға шайпұл қалдыратынын ұмытпаңыз.

Ал аталған қызметтің кем тұстарын айтсақ, бұл жұмыс бәріне бірдей жарамды емес. Көбіне қызметкерлер арасындағы ауысым уақыты 12 сағатқа созылады, сондықтан ауысымыңыз аяқталғанша тыныға алмайсыз. Тапсырыстарды қабылдап, алып келу, қызмет көрсету, ыдыс-аяқты уақытында әкету, есепшот әкелу, онымен қоймай мерекелік атмосфераны сақтау оңай шаруа емес.

Айта кетейік, қоғамдық тамақтану орындары мен ірі мекемелерде денсаулық туралы анықтама талап етіледі, бірақ жұмыс берушілер көбіне анықтаманы алуға өздері де көмектеседі.

Дүкендегі қызметкерлер

Мереке күндері көптеген дүкен күшейтілген режимде жұмыс істейді: жаңа сауда орындары пайда болып, қосымша кассалар ашылады. Мұның бәрі мүмкіндігінше көп клиентке қызмет көрсетіп үлгеруге әрі келушілердің санын арттыруға бағытталған.

Сондықтан дүкен иелері мереке қарсаңында не мереке кезінде қызметкер санын арттыруды көздейді. Жұмыс берушілер тұтынушыларға қызмет көрсетумен, тауарларды сөрелерге орналастырумен, жарамдылық мерзімін бақылаумен әрі баға белгілерін уақтылы өзгертіп тұрумен айналысатын сатушыларды және кассирлерді іздейді.

Сондай-ақ мереке кезінде дүкенге жеткізілетін тауар саны артуы мүмкін, бұл ретте жұмыс берушілер жеткізушілерді қабылдап, әкелінген тапсырыстарды дүкенде немесе қоймада орналастырумен айналысатын адамдарды іздейді, содан соң қызметкер қоймадағы тауарларды клиентке әкеліп беруге тиіс.

Осы орайда кейде адамның мойнына аса көп жауапкершілік артылуы мүмкін, мысалы, ол тауарларды түгендеу жұмысына тартылуы ықтимал, тапсырыстарды жеткізу қызметін атқарады әрі касса алдында тұтынушыларға қызмет көрсетуге немесе телефон арқылы тұтынушылармен байланысуға тиіс.

Жалпы дүкенде жұмыс істеу үшін де аса көп тәжірибе керек емес, сонымен қатар үйден жұмысқа барар жолда уақыт жоғалтпау үшін мекенжайыңызға жақын жерде орналасқан бөлшек сауда орнын табуға тырысып көріңіз. Оған қоса жұмыс берушілер көбіне түрлі бонус пен премия төлейді.

Дегенмен бұл жұмыстың да кілтипаны бар: мереке қарсаңында тұтынушылар ағыны көп болуы мүмкін және қателік жіберіп алмай, барлығына бірдей қызмет көрсетуге үлгеру қажет.

Жаңа жыл – қосымша табыс табу үшін жақсы мүмкіндік. Дегенмен мереке күндері демалуды жоспарламайтын адамдар бәрін таразыға салып, шешімді байыппен қабылдағаны абзал. Себебі кейде қандай да бір жұмыс үшін демалыстағы жоспарлардан бас тарту тиімсіз болуы мүмкін. Сонымен қатар жұмыс іздеген кезде алаяқтардан сақ болу керектігін естен шығармаған жөн.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2052047-qazaqstanda-zana-zyl-qarsanynda-qalai-aqsa-tabuga-bolady/

pixel