Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде жаңажылдық сыйлыққа ақша табудың қандай жолдары бар

Опубликовано:

Адамдардың бір-біріне сыйлық сыйлау сәті
Сыйлық сыйлап тұрған адам. Көрнекі фото: pixabay.com

Жаңа жыл әдетте үлкен шығынға әкеліп соғатын мереке. Дегенмен сыйлыққа ақша жинау үшін жылдам табыс табу жолдары бар, мысалы, сыйлық жиынтығын жасаумен немесе үйде қолөнермен айналысуға болады. Елімізде желтоқсан мен қаңтарда жақындарыңызға сыйлық сатып алу үшін қандай табыс көздері бар? Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Көптеген қазақстандық Жаңа жылға достары мен туыстарына сыйлық әзірлеп, мерекелік дастархан жаяды.

Inbusiness тілшілері жүргізген сауалнамаға сәйкес, сауалнамадан өткендердің 40 пайызы жақындарына сыйлық алу үшін 5 мыңнан 25 мың теңгеге дейін жұмсайтынын айтты. 22,4 пайызы 50 мың теңге көлемінде не одан жоғары бағаға сыйлық алатынын жеткізді. Респонденттердің 21 пайызы болса жақын адамын 25-50 мың теңгеге қуантуды жоспарлап отыр, ал 14 пайызына сыйлық алуға шамамен 5 мың теңгенің өзі жетіп жатқаны белгілі болды.

Яғни Жаңа жыл кез келген адамның бюджетіне салмақ түсіруі мүмкін.

Шығын мөлшерін азайту мақсатында қазақстандықтар Жаңа жыл қарсаңында уақытша жұмыс не бейресми табыс көзін таба алады. Осы орайда "InDrive.Мастер" сервисінің сарапшылары Қазақстанда қосымша ақша табудың жолдары қандай екенін айтты.

Аяз Ата мен Ақшақар

Демалыс кезінде ең кең таралған қызметтердің бірі – мерекелік іс-шаралар кезінде аниматор болу. Бұл жұмысты бастау үшін қомақты қаржы қажет емес – ең бастысы жақсы, көзге түсерлік аниматор костюмін табу, бірақ оларды сатып алмай-ақ жалға алуға да болады, екі костюм құны – шамамен орташа есеппен 7,5 мың теңге. Көбіне жаңажылдық кейіпкерлермен кездесу бағасы – 8,5 мың теңгеден басталады, демек бір күннің ішінде костюмға кеткен шығынды бірнеше есе өтеп алуға болады.

Көше фотографы

Мереке күндері Аяз Ата мен Ақшақардан бөлек, көше фотографтарының да біраз табыс табуға мүмкіндігі бар. Адамдардың басым бөлігі фотосессияны жақсы көреді, әсіресе Жаңа жыл кезінде қала орталығында орналасқан бас шыршаның маңында, я болмаса саяжай пейзажында фотоға түсу – мерекелік романтиканың элементі.

Оған қоса фотоға түсіріп, ақша табу үшін жеке студияңыздың болуы шарт емес. Қолда сапалы фотоаппарат болса (абзалы фотоны жылдам басып шығаратын фотоаппарат), көшеге шығып, қоғамдық орындар мен ел шоғырланатын жерлерде тұрғындарға фотограф қызметін ұсынуға болады.

Бүгінде еліміздің көптеген қаласында мерекелік іс-шаралар өтіп жатыр, сондықтан фотограф үшін әдемі фотоға түскісі келетін жандар жетерлік.

Айта кетейік, фотоны жылдам басып шығаратын фотоаппараттың орташа құны – 43 мың теңге, ал оған арналған пленка шамамен 10,5 мың теңге. Фотоға түсу бойынша серия үшін шамамен 1000 теңге сұрауға болады. Ал бір күнде ондаған адам естелікке сапалы фотоға түскісі келетінін ескерсек, камера шығынын өтеп қана қоймай, табыс табуыңыз ықтимал.

Hade-made сыйлықтар

Егер сыртқа шығуға мүмкіндігіңіз болмаса, үйден шықпай-ақ қолөнер арқылы табыс табуға болады. Жаңа жылда өз қолыңмен жасалған сапалы сыйлықтар қашан да өзекті.

Мысалы, бүгінде қазақстандықтар арасында қолдан жасалған сабынға деген сұраныс көп. Бір сабын жасайтын жинақ бағасы – шамамен орташа есеппен 12 мың теңге. Осы орайда сабын жасауға арналған түрлі пішіндерді қолдануға болады, мысалы, ұлу пішінінде (2024 жыл – Ұлу жылы) жасауға болады. Мұндай сабындар базарларда орташа есеппен 500-1000 теңге шамасында сатылады.

Сабын жасағыңыз келмесе, қызығушылығыңыз бен шама-шарқыңызға, қиялыңызға қарай қолғап, білезік тоқумен және т.б. қолөнермен айналысуға болады. Алайда шығармашылық жұмыс қашан да көп күш қуат пен уақытты талап ететінін ескерген жөн, дегенмен бұл да тиімді табыс көзінің бірі. Айта кетейік, жарнамалық хабарламаларға сүйенсек, қолдан жасалған қолғап бағасы – орташа есеппен 1,5-3 мың теңге.

Сыйлық жинақтары

Егер мұндай жұмысқа уақытыңыз аз болса, мереке қарсаңында сыйлық жинақтарын жасаумен де айналысуға болады – бұл ерекше әрі тиімді табыс көзін іздегендерге таптырмас олжа болуы мүмкін.

Сыйлық жиынтықтарының ішіне қолөнер туындылары мен тәттілер, кәдесыйлар, тіпті алкоголь сынды кез келген нәрсе салуға болады. Бәрі адамның қиялына байланысты.

Сыйлық жинағының ішіне салатын сыйлықтардан бөлек қораптар (бір данасы – шамамен 300 теңге), қаптамаға арналған орама қағаз (50 данасы – шамамен 2,5 мың теңге) және арнайы байлайтын лента (шамамен 1 мың теңге) сатып алу қажет. Орташа есеппен санағанда, бір сыйлық жиынтығының бағасы 5 мың теңгеден басталады.

Үйге көмектесу қызметтері

Шығармашылықпен айналысқыңыз келмесе, "бір сағатқа" шебер бола аласыз. Мереке күндері house cleaning қызметі де үлкен сұранысқа ие болып жатады. Бір үйге қызмет көрсету бағасы – шамамен орташа есеппен 13,8 мың теңге.

Электриктер (бір тапсырыс құны – 4,5 мың теңге), сантехниктер (5,8 мың теңге) әрі әр түрлі қызмет атқарушылар да (шамамен 6,5 мың теңге) сұранысқа ие. Бірақ бұл қызметтерді көрсету үшін арнайы дағдылар керек. Сондықтан мұндай қызметтерді кез келген адам ұсына алмайды. Алайда "қолы алтын" азаматтарға бұл да тиімді табыс табу жолы болуы ықтимал.

Бұл ретте айта кетейік, мереке қарсаңында ғана емес, Жаңа жыл кезінде де табыс табуға мүмкіндік бар. Еске салсақ, бұған дейін елімізде Жаңа жыл қарсаңында және мереке күндері қосымша табыс табу жолында тағы қандай тиімді қызметтер барын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2052680-elimizde-zanazyldyq-syilyqqa-qalai-aqsa-tabuga-bolady/

pixel