Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

2023 жылы Қазақстанда тұрғын үйді жалға алу бағасы қанша пайызға өсті

Жарияланған күні:

Читать на русском
тұрғын үй
Тұрғын үй макеті. Көрнекі фото: pixabay.com

2023 жылдың басынан бері Қазақстанның ірі қалаларында жалдамалы тұрғын үй бағасы артты. Бүгінде тарифтер қаңтардағы көрсеткіштермен салыстырғанда орташа есеппен 4,5 пайызға жоғары. Қай қалада жалдамалы тұрғын үй ең қымбат? Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Қазақстанның жалдамалы тұрғын үй нарығында баға құбылып жатыр. Алайда "Крыша" порталы ақпараты бойынша, бір жылдың ішінде аса ірі өзгерістер байқалмаған – бір шаршы метр құны бірде өсіп, бірде төмендеп, құбылып тұрды.

Мысалы, сарапшылардың айтуынша, қаңтарда аталған сектор бойынша баға төмендеуі тіркеліп, көктемнің ортасына дейін жалғасқан – осы уақыт ішінде жалдамалы тұрғын үй бағасы 3,5 пайызға арзандады. Алайда мамырдан қыркүйекке дейін баға көрсеткішінің қайтадан өсуі байқалып, жалдамалы тұрғын үй қаңтардағы көрсеткіштермен салыстырғанда 12,8 пайызға қымбаттағаны анықталған. Кейін қазаннан бастап тағы тарифтердің төмендеуі тіркелді.

Желтоқсанда жалдамалы тұрғын үй бағасы бір айдың ішінде 2 пайызға төмендеген. Сарапшылар мониторинг жүргізу барысында 13 қаланың сегізінде жалдамалы тұрғын үй арзандағанын байқаған. Бұл ретте баға көрсеткіші ең күрт төмендеген қалаларға Орал мен Өскемен кірді – бір айда 6 пайызға төмендеген.

Шымкентте болса жалдамалы тұрғын үй орташа есеппен 5 пайызға, Алматыда 2 пайызға, Астанада 1 пайызға арзандаған. Ақтау, Павлодар және Көкшетауда баға көрсеткіші өзгеріске ұшырамаған, Петропавлда тек 1 пайызға, Ақтөбеде 2 пайызға қымбаттады.

Дегенмен жалпы 2023 жылғы көсеткіштермен салыстырғанда жалдамалы тұрғын үй бағасы қаңтарда тіркелген көрсеткіштен қарағанда шамамен орташа есеппен 4,5 пайызға жоғары болып шықты. Жалдамалы тұрғын үй көрсеткіштері Алматыда ғана 1 пайызға төмендеген.

Биыл 26 желтоқсандағы жағдай бойынша жалдамалы тұрғын үйдің бір шаршы метр құны – орташа есеппен 3,2 мың теңге. Бұл ретте ең жоғары баға көрсеткіші Алматыда тіркелген, бір шаршы метрі – 5 682 теңге, ал Ақтауда бұл көрсеткіш ең төмен – бір шаршы метрі небәрі 2 500 теңге тұрады.

Елордада жалдамалы жылжымайтын мүліктің бір шаршы метрі – орташа есеппен 3 947 теңге, Шымкентте – 2 632 теңге.

Осылайша сарапшылардың пікіріне сүйенсек, азаматтар үшін арзан жалдамалы баспана табу оңайға соқпайтынын көруге болады. Мысалы, Алматыда орташа есеппен 1 бөлмелі жалдамалы пәтер құны – 200 мың теңге болса, 2 бөлмелі пәтер 320 мың теңге тұрады, ал 3 бөлмелі пәтер үшін айына 400 мың теңге төлеуге тура келеді.

Астанада жалдамалы пәтер құны бөлме санына байланысты 160 мыңнан 350 мың теңгеге дейін құбылуы мүмкін. Барлық мегаполистің ішінде ең арзан жалдамалы тұрғын үй Шымкентте – көбіне 1 бөлмелі пәтер құны – орташа есеппен 110 мың теңге, ал 3 бөлмелі пәтер небәрі 170 мың теңге тұрады.

Осылайша 2023 жылдың кейбір айларында жалдамалы тұрғын үй бағасы айтарлықтай төмендегеніне қарамастан, бүгінде жалдамалы тұрғын үй тарифтері қаңтарда тіркелген көрсеткіштермен салыстырғанда әлі күнге дейін жоғары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2052892-2023-zyly-qazaqstanda-turgyn-uidi-zalga-alu-bagasy-qansa-paiyzga-osti/