Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда өткен айда баспана сатып алу көрсеткіші артқан

Жарияланған күні:

Жинақ сандықша мен ақша
Жинақ сандықша мен ақша. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Желтоқсанда қазақстандық жылжымайтын мүлік нарығында қайта оң өзгерістер байқала бастады. Баға өсуіне қарамастан жеке баспана сатып алу көрсеткіші қайтадан артты. Бір айда 38 мыңға жуық пәтер мен үй сатылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Желтоқсан қорытындысы бойынша, жаңа тұрғын үйлердің баға көрсеткіші 3,4 пайызға өскен, ал қайталама тұрғын үй нарығындағы баға көрсеткіші керісінше, 3,7 пайызға төмендеген. Бұл қазақстандықтарға әсер етіп, жер үй сатып алуға ықпал еткен болуы мүмкін.

Ұлттық статистика бюросы ресми сайтында жарияланған дерекке сүйенсек, 2023 жылғы желтоқсанда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 37 818 мәміле тіркелген – бұл қарашадағы көрсеткіштермен салыстырғанда, 19,2 пайызға, былтырғы көрсеткіштермен салыстырғанда 12,6 пайызға артық.

Қазақстандағы сатып алу-сату бойынша жасалған мәмілелер көрсеткіші
Сатып алу-сату бойынша жасалған мәмілелер көрсеткіші. Инфографика: Ұлттық статистика бюросы ресми сайты

Бір ай ішінде жеке тұрғын үй сатып алу-сату бойынша 8 238 мәміле жасалды. Бұл 2023 жылғы қарашадағы көрсеткіштермен салыстырғанда 8,7 пайызға немесе 659 мәмілеге артық. Ал пәтерлер бойынша 29 580 мәміле жасалған (бір ай ішінде 22,5 пайызға жоғарылаған).

Мәмілелер көбіне Алматы (7594), Астана (7157) қалаларында, сонымен қатар Қарағанды облысында (2946) жасалған. Ал Ұлытау облысында небәрі 447 мәміле жасалды.

Ал пәтерлерді сатып алу көрсеткішіне келсек, қазақстандықтар былтыр көбіне 2 бөлмелі пәтерлер сатып алған, желтоқсанда 2 бөлмелі пәтерлер бойынша 11 465 сатып алу-сату мәмілесі ресімделген. 1 бөлмелі пәтерлер бойынша 10 181 мәміле, 3 бөлмелі пәтерлер бойынша 6491 мәміле жасалған.

Қазақстандағы сатып алу-сату бойынша жасалған мәмілелер көрсеткіші
Сатып алу-сату бойынша жасалған мәмілелер көрсеткіші. Инфографика: Ұлттық статистика бюросы ресми сайты

Осылайша 2023 жылдың аяғында Қазақстандағы жылжымайтын мүлік нарығында оң өзгерістер байқалды деп айтсақ артық емес. Себебі бұған дейін соңғы үш айда тұрғын үйге деген сұраныс төмендей түскен еді.

Еске салайық, бұған дейін 2023 жылдың басынан бері Қазақстанның ірі қалаларында жалдамалы тұрғын үй бағасы артқанын жазған болатынбыз. Бүгінде тарифтер қаңтардағы көрсеткіштермен салыстырғанда орташа есеппен 4,5 пайызға жоғары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2054951-qazaqstanda-otken-aida-baspana-satyp-alu-korsetkisi-artqan/