Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда 2024 жылы шәкіртақы қанша теңгеге көтерілді және алда өсуі мүмкін бе

Опубликовано:

Кітапханадағы студенттер
Кітапхана. Көрнекі фото: pixabay.com

Білім беру жүйесіндегі реформалар аясында үкімет студенттерге арналған шәкіртақы мөлшерін арттыруды жалғастырып жатыр. 2024 жылы шәкіртақы өсімінің тағы бір кезеңі болады. Аталған өсім әсіресе колледж студенттеріне әсер етеді.

2024 жылы шәкіртақы мөлшерлері қандай

Дереккөз ақпаратына сүйенсек, мемлекеттік шәкіртақыны тағайындау, төлеу қағидалары әрі олардың мөлшерін бекіту қаулысына сәйкес, күндізгі оқу нысанында мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алатын студенттерге, интерндерге, магистранттарға, докторанттарға, резидент-дәрігерлерге, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдерінің тыңдаушыларына шәкіртақы түріндегі төлем тағайындалып, төленеді (1-тарау, 2-параграф).

Докторанттарға, резидент-дәрігерлерге және дайындық бөлімшелерінің тыңдаушыларына мемлекеттік шәкіртақы бүкіл оқу кезеңіндегі емтихан сессиясының нәтижелеріне қарамастан бүкіл оқу мерзіміне тағайындалады (2-тарау, 6-тармақ). Ал қалған санаттағы студенттер аралық аттестациялау нәтижесі бойынша "өте жақсы" және "жақсы" деген бағаға ие болған жағдайда ғана мемлекеттік шәкіртақы ала алады. Сондай-ақ бірінші академиялық кезеңде бірінші курсқа қабылданған барлық студентке, магистрантқа 1 қыркүйектен немесе 1 қаңтардан бастап алғашқы семестр аяқталып, каникулға шығатын айға дейін тең мөлшерде мемлекеттік шәкіртақы тағайындалады (2 тарау, 7 тармақ).

Емтихан сессиясының нәтижесі бойынша тек "үздік" деген баға алатын студенттер мен магистранттардан бөлек, мынадай санаттағы білім алушылар жоғарылатылған мемлекеттік шәкіртақы алуға құқылы:

  • көру, есту қабілеті жағынан мүгедектігі бар адамдар;
  • жетім балалар;
  • ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған әрі қамқорлыққа алынған балалар.

Аталған санаттағы мемлекеттік шәкіртақы алушыларда академиялық берешегі болмайды. Біра ол үшін аталған санатқа жататынын растайтын барлық құжат тапсырылуға тиіс.

2024 жылы Қазақстандағы шәкіртақы мөлшері қандай

Аталған қаулының 2024 жылғы 26-тармағына сәйкес, 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мынадай шәкіртақы төленіп жатыр:

  • даярлаудың педагогикалық бағыттары мен "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша білім алатын студенттерді қоспағанда, жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын студенттерге – 41 898 теңге;
  • жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында даярлаудың педагогикалық бағыттары бойынша білім алатын студенттерге – 67 200 теңге;
  • жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында даярлаудың "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша оқитын студенттерге – 67 200 теңге;
  • интерндерге – 75 890 теңге;
  • магистранттарға – 97 024 теңге;
  • "Назарбаев Университеті" дербес білім беру ұйымында оқитын магистранттарға – 181 250 теңге;
  • докторанттарға – 217 500 теңге;
  • даярлаудың "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша докторанттарына – 217 500 теңге;
  • даярлаудың "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша резидент-дәрігерлері мен магистранттарға – 111 579 теңге;
  • мемлекеттік органдардан оқуға жіберілген Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясының магистранттары үшін – соңғы жұмыс орны бойынша лауазымдық жалақысы деңгейінде, бірақ мемлекеттік стипендияның мөлшерінен төмен болмауға тиіс;
  • жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің дайындық бөлімдерінің студенттері үшін – студенттік стипендияның 85 пайыз деңгейінде.

Жоғарылатылған мемлекеттік шәкіртақы мөлшері Ережелердің қосымшасында көрсетілген:

  • көру және есту қабілеті жағынан мүгедектігі бар адамдар үшін (студенттерге, интерндерге, магистранттарға, докторанттарға) бекітілген шәкіртақы мөлшерінің үстіне тағы — +75 пайыз қосу жоспарда бар;
  • Ұлы отан соғысы салдарынан мүгедек болғандарға арналған жеңілдіктер қарастырылған студенттер, магистранттар, интерндер үшін шәкіртақы мөлшері — +50 пайызға;
  • жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған әрі қамқорлыққа алынған студенттерге, магистранттарға және интерндерге шәкіртақы мөлшерін — +30 пайызға;
  • сессияларды тек "үздік" деген бағамен жапқан студенттерге, магистранттарға шәкіртақы мөлшерін — +15 пайызға ұлғайту жоспарланып жатыр.

2024 жылы колледжде оқитындардың шәкіртақы мөлшері қандай

  • Орта білімнен кейін техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша білім беру ұйымдарында оқитын студенттердің мемлекеттік шәкіртақы мөлшері – 31 422 теңге;
  • жұмысшы біліктілігі бойынша білім алатын студенттердің шәкіртақысы – 32 681 теңге;

2024 жылы Қазақстанда шәкіртақы мөлшері өсе ме

Ғылым және жоғары білім министрлігі дерегінше, колледж студенттері үшін шәкіртақы мөлшерін арттырудың екінші кезеңі 2024 жылға жоспарланған. 2023 жылғы қыркүйетен бастап шәкіртақы 50 пайызға артқан еді, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 100 пайызға жетті. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, 2025 жылға дейін қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алушылардың шәкіртақысын екі есеге арттыру бағдарламасы аясында 2024 жылы шәкіртақы мөлшерін жыл сайын жоғарылату жоспарланып жатыр. Яғни шәкіртақы мөлшері бакалавр студенттері үшін – 20 пайызға, магистранттар мен докторанттар үшін – 15 пайызға ұлғаюы мүмкін.

Еліміздің білім беру жүйесін жетілдіру жолында әуелі колледждер мен жоғары оқу орындарындағы студенттердің шәкіртақы мөлшері көтерілді. Шәкіртақы көлемі жыл сайын 2020 жылдан бері 15 пайыздан 50 пайызға дейін көтеріліп жатыр. Көбіне "Денсаулық сақтау" және "Педагогика ғылымдары" сынды салаларға түскендердің шәкіртақысы өскен.

Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Алдынғұров Дәулеттің сөзіне сенсек, 2025 жылға дейін медициналық университетте оқитын студенттердің шәкіртақысын жыл сайын 15 және 20 пайызға арттыру жоспарланып отыр. Осылайша студенттерді жақсы оқуға ынталандыру көзделген, оған қоса бұл шешім үздік талапкерлерді жоғары оқу орындарына тартуға көмектеседі. Айта кетейік, колледж студенттері үшін шәкіртақы мөлшерін екі есеге арттыру – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым" сайлауалды бағдарламасының бір бөлігі.

Саясат Нұрбектің айтуынша, 1 қыркүйектен бастап студенттердің шәкіртақысы 20 пайызға өсіп, 41 898 теңгеге (педагогикалық ғылымдар – 67 200 теңгеге) жетті, ал магистранттар (97 024 теңгеге) мен докторанттарға (217 500 теңгеге) берілетін шәкіртақы мөлшері 15 пайызға өскен.

Gov.kz мәліметіне сүйенсек, 2023 жылы 1005 студент пен 7 магистрант президенттік шәкіртақыға ие болды.

Бакалаврда оқитын студенттер үшін президенттік шәкіртақы мөлшері – 73 320 теңге, магистранттар үшін – 173 974 теңге.

Шәкіртақы 3 курстан бастап күндізгі бөлімде оқитын студенттерге, ал оқу жылының екінші жартысында магистранттарға тағайындалады.

Шәкіртақы алу бойынша үміткерлерге қойылатын іріктеудің негізгі талаптары – "өте жақсы" оқу, республикалық және халықаралық олимпиадалардағы, шығармашылық конкурстардағы, спорттық жарыстардағы, фестивальдардағы жетістіктерге жету.

Ұлттық статистика бюросы дерегіне сүйенсек, 2023 жылы Қазақстандағы инфляция деңгейі орташа есеппен 9,8 пайыз болған, бұл 2022 жылғы (20,3 пайыз) көрсеткіштермен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Инфляция деңгейіне қарамастан шәкіртақы мөлшері 15-20 пайызға артса, онда студенттерге бұл айтарлықтай әлеуметтік қолдау болуы ықтимал.

Егер студенттерге лайықты шәкіртақы берілсе, онда еліміздегі оқу орындарының беделі, білім сапасы әрі студенттердің өз-өзіне сенімі, оқуға ынтасы артатыны сөзсіз. Бұл да ғылымдағы қызметтің дамуына ықпал етеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2058072-qazaqstanda-2024-zyly-sakirtaqy-qansa-tengege-koterildi-zane-aldagy-uaqytta-ol-osui-mumkin-be/

pixel