Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ұлттық қор – балаларға": елімізде қанша балаға алғашқы төлем түсті

Опубликовано:

Ақша санап отырған қыз бала
Ақша санап отырған қыз бала. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қазақстанда "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында Ұлттық қордан алғашқы төлемдер жасалды. БЖЗҚ дерегінше, 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша 18 жасқа дейінгі 7 миллионға жуық баланың нысаналы жинақтау шотына қаражат түсті. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Жыл басында Қазақстанда "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама аясында жыл сайын ел азаматы болып саналатын барлық кәмелетке толмаған баланың нысаналы жинақтау шотына Ұлттық қордан түскен инвестициялық кірістің бір бөлігі төленеді. Аталған шот БЖЗҚ-да автоматты түрде ашылған. Бағдарлама бойынша балалардың нысаналы жинақтау шоттарына алғашқы қаражат түсті. Әр балаға 100,52 доллар төленді.

Баланың нысаналы жинақтау шотында қанша сома жиналғанын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) сайтындағы бөлімде тексеруге болады.

БЖЗҚ ақпаратына сәйкес, 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша кәмелетке толмаған, Қазақстан азаматы болып есептелетін барлық бала қатысушы ретінде тіркеліп, олардың нысаналы жинақтау шоттарына тиісті төлемдер түсті. Бағдарламаға 6 919 131 бала қатысып жатыр. Оның ішінде 304 815 қатысушы 2024 жылы 18 жасқа толады.

Сондай-ақ қор балалардың жас ерекшелігіне қарай жасалған статистикасын жариялады. Аталған төлем алушылардың қатарында 2006 жылы туылған балалар бар, биыл олар 18 жасқа толады (2006 жылдың қаңтар-желтоқсанында дүниеге келгендерді қоса алғанда).

Бағдарлама бойынша тиісті төлемін 3 558 100 ұл бала мен 3 361 031 қыз бала алған. Осының ішінде көбіне 2021 жылы (443 268 бала), 2020 жылы (424 556 бала) және 2022 жылы (408 232 бала) туған балаларға төлемдер түскен.

Алайда биыл балалардың нысаналы жинақтау шоттарына 100 доллардан аса қаражат түскенімен, бұл көрсеткіш жыл сайын өзгеріп тұратынын тағы ескерген жөн.

БЖЗҚ баспасөз қызметі мәліметіне сүйенсек, бұл сома Ұлттық қор активтерінің өсуі мен инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғайып отырады. Бұдан бөлек, есептелген қаражат Ұлттық қордың валюталық активтерінің құрамында инвестициялануын жалғастырады әрі бағдарламаға қатысушыларға 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс әкеледі.

"Заңға сәйкес, нысаналы талаптарды бала 18 жасқа толғаннан кейін ғана пайдалана алады. Бала 18 жасқа толған жылы жинақталған нысаналы талаптар сомасы БЖЗҚ-да ашылған баланың нысаналы жинақтау шотына тұрғын үйге немесе білім алуға пайдалану үшін аударылады", – делінген хабарламада.

"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасына қатысушылардың саны
"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасына қатысушылардың саны. Инфографика: Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры

БЖЗҚ бағдарламаға қатысушы балалардың толық тізімін жыл сайын "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорынан алынған ресми мәліметтер негізінде қалыптастырады. Егер бала осы дерекқорға қосылса, ол автоматты түрде "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасының қатысушысы болып саналады әрі оған бағдарламаға қатысқан барлық жылдар ішінде нысаналы талаптар мен инвестициялық кіріс есептелетініне кепілдік беріледі.

Сондықтан бала белгілі бір себептермен "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорында болмаса, бағдарламаға қатысушылардың тізіміне енгізілмесе, онда келесі жылы ол нысаналы талаптарды пайдалануға құқылы, осылайша өткізіп алған кезеңдер үшін баланың нысаналы жинақтау шотына толық көлемде (инвестициялық кірісті қоса алғанда) тиісті төлемдері есептеледі.

Бұл ретте БЖЗҚ өкілдері балалардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне мына деректерді тексеруге кеңес береді:

  • балада жеке басын куәландыратын құжаттың болуы (туу туралы куәлік, 16 жастан бастап - Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі);
  • жеке басын куәландыратын құжатта деректемелердің болуы әрі олардың дұрыс көрсетілуі: Т. А. Ә., туған күні, ЖСН, азаматтығы;
  • egov.kz порталындағы "Жеке кабинет" бөлімінде балалар туралы мәліметтердің болуы, тіркелуі және дұрыстығы (осы ресурста баланың ата-анасына бекітілген баланың нысаналы талаптары бойынша егжей-тегжейлі үзінді көшірме ұсынылады).

Егер баланың:

  • жеке басын куәландыратын құжаты, ЖСН жоқ болса, тұрғылықты жері бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) жүгінген жөн;
  • азаматтығы жоқ болса, анықталмаса немесе ол дұрыс көрсетілмесе, онда тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне жүгіну керек.

"Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорына қажетті түзетулер енгізілгеннен кейін баланың нысаналы талаптары мен инвестициялық кірісі өткізіп алған кезеңді ескере отырып, келесі жылы толық көлемде есептеледі", – деп жазады БЖЗҚ баспасөз қызметі хабарламасында.

Яғни бұл балаңыз биыл бағдарлама қатысушысы бола алмағанымен, келесі жылы оны қайта тіркеуге мүмкіндік бар деген сөз. Оған қоса бағдарламаға қатыса алмаған жылдары үшін барлық өткізіп алған тиісті төлемі баланың нысаналы жинақтау шотына түседі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2058587-ulttyq-qor-balalarga-elimizde-qansa-balaga-algasqy-tolem-tusti/

pixel