Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұлттық қордан түсетін төлем баланың оқу ақысын төлеуге я баспана алуға жете ме

Опубликовано:

Ақша санап отырған қыз бала
Ақша санап отырған қыз бала. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында қазақстандық балалардың нысаналы жинақтау шотына 18 жасқа дейін Ұлттық қор есебінен жыл сайын қаражат түседі. Алайда бала ер жеткенге дейін айтарлықтай көп сома жинақталмауы мүмкін. Дегенмен ондағы қаражатты өзге бағдарламалар аясында қосымша қаражат ретінде пайдалануға болады. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

2024 жылы қазақстандық балалар Ұлттық қор инвестициялық кірісінің бір бөлігінен түсетін алғашқы төлемін алды. Әр балаға 100,52 доллардан берілді. Бұл сома көп емес, дегенмен алдағы уақытта жаңа түсімдер мен әр түрлі қаржылық құралға инвестициялау есебінен оның мөлшері арта бастайды.

Алдын ала болжам бойынша, туылғалы жүйеге енгізілген балалардың нысаналы жинақтар шотына үш мыңнан төрт мың долларға дейін ақша түсуі мүмкін. Қазіргі бағам көрсеткішіне сүйенсек, бұл шамамен – 1,4-1,8 миллион теңге. Ал туылғалы жүйеге енгізілмеген баланың нысаналы жинақтар шотында ол ер жеткеннен кейін тіпті аз қаражат жиналуы ықтимал.

Ақшаны бала 18 жасқа толғаннан кейін ғана шеше алады. Ол бұл қаражатты оқу ақысын төлеуге немесе өмір сүру жағдайын жақсартуға жұмсауға құқылы. Алайда бүгінде еліміздегі баға көрсеткіштері күрт көтеріліп жатқанын ескерсек, тіпті бала туылғаннан бастап 18 жасқа толғанға дейін Ұлттық қор есебінен қаражат түсіп отырғанның өзінде бұл ақша аталған шығындарды өтеуге жеткіліксіз болуы мүмкін.

Мәселен, соңғы 5 жылда қазақстандық жоғары оқу орындарында (ЖОО) білім алу бағасы бірнеше есе өскен, осыған байланысты баланың Ұлттық қордан алатын ақшасы алдағы уақытта университеттегі бір жылдық оқу ақысын да төлеуге жетпеуі ғажап емес.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) ұсынған кеңес бойынша, мұндай жағдайда білім беру мәселелерін шешуге немесе тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған өзге бағдарламаларға жүгінген жөн.

Мысалы, Қазақстанда мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі бар, бұл бағдарлама арқылы қазақстандықтар оқу ақысын төлеу үшін ақша жинай алады. Оған қоса аталған қаражатты бала туған кезден бастап жинауға мүмкіндік бар, одан соң бұл қаражатты Ұлттық қордан түсетін төлемдермен бірге мақсатына қарай пайдалануға болады.

Ал егер бала ақшаны өзінің өмір сүру жағдайын жақсартуға жұмсағысы келсе, бұл қаражатты тұрғын үй құрылысы депозитін толтыру үшін пайдалануға болады, я болмаса бұл қаражатқа ипотека рәсімдеуге мүмкіндік бар.

БЖЗҚ мәліметіне сүйенсек, балалардың басқа әлеуметтік бағдарламаларға қатысуы Ұлттық қордан түсетін төлемдерге еш әсер етпейді. Мысалы, егер бала мүгедектігіне байланысты немесе асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алса, ол әдеттегідей өзіне тиесілі қаражатын алуды жалғастыруға құқылы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2059322-ulttyq-qordan-tusetin-tolem-balanyn-oqu-aqysyn-toleuge-ya-baspana-aluga-zete-me/

pixel