Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Соңғы жылдары Қазақстанда пәтер бағасы қаншаға өсті

Жарияланған күні:

Читать на русском
Ақша
Ақша. Көрнекі фото: pexels.com

Соңғы үш жылда елімізде қайталама тұрғын үй нарығындағы пәтерлер бағасы орташа есеппен 40 пайызға жоғарылаған. Пәтер құны нақты қай өңірлерде өскенін толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
"7-20-25" ипотекалық бағдарламасына өзгерістер енгізілді

Қозғалмайтын мүлік сатып алуға әрбір Қазақстан азаматының жағдайы жете бермейді, себебі пәтер бағасы күн санап артып келеді.

Бір жыл ішінде пәтер бағасы айтарлықтай өспеген болып көрінуі мүмкін, мысалы, 2023 жылдың соңында бастапқы тұрғын үй бағасы небәрі 3,4 пайызға өскен, ал қайталама тұрғын үй бағасы 3,7 пайызға төмендеген еді.

Алайда қатарынан бірнеше жыл тіркелген баға өсіміне назар аударсақ, тұрғын үй құны күрт шарықтағанын байқауға болады. Мәселен, "Крыша" порталы мәліметіне сүйенсек, үш жыл ішінде Қазақстанда қайталама нарықтағы пәтерлер орташа есеппен 40 пайызға қымбаттаған.

2021 жылдың қаңтарында Алматыда бір шаршы метр орташа есеппен 468 400 теңге тұратын, ал биыл 9 ақпандағы жағдай бойынша бұл көрсеткіш 54,1 пайызға өсіп, 721 638 теңгеге жеткен. Бұл елімізде тұрғын үй нарығындағы ең күрт өсімдердің бірі.

Бұл ретте Қазақстан бойынша пәтер құны Ақтауда күрт өскені анықталды – 67,7 пайызға жоғарылаған. Бірақ Ақтаудағы тұрғын үй нарығында өсім тіркелгенімен, тұрғын үй бағасы өзге өңірлермен салыстырғанда сәл төмен: 2021 жылы пәтердің бір шаршы метрі 191 875 теңге тұрса, биыл 9 ақпандағы жағдай бойынша 321 842 теңгеге жеткен.

Ал Астанада үш жыл ішінде пәтерлер құны 33,4 пайызға өсіп, пәтердің бір шаршы метр бағасы 357 125 теңгеден 476 534 теңгеге дейін өссе, Шымкентте бұл көрсеткіш – 34,5 пайызға артқан, бұған дейін Шымкентте пәтердің бір шаршы метрі орташа есеппен 312 875 теңге тұратын, ал биыл 9 ақпандағы жағдай бойынша оның бағасы – 420 780 теңге.

Ең аз өсім Көкшетауда тіркелген – тұрғын үй бағасы үш жылда небәрі 16,3 пайызға артқан. 2021 жылы Көкшетауда пәтердің бір шаршы метрі орташа есеппен – 263 575 теңге тұратын, ал биыл қаңтарда – 306 542 теңгеге жетіп отыр.

Сарапшылардың айтуынша, пәтер құнының күрт көтерілуіне сұраныстың артуы басты себеп болған.

Еске салайық, 2021 жылы қазақстандықтарға жинақталған зейнетақы қаражатының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға жұмсау рұқсат етілген болатын, бұл мүмкіндікті көп адам пайдаланды – бір жыл ішінде тұрғындар зейнетақы жинағынан 2,5 триллион теңгеге жуық қаражат алған болатын, ал сатып алу-сату операцияларының саны шамамен екі есеге – 609 мыңға дейін өсті.

Осылайша 2021 жылы қайталама нарықтағы орташа баға 27 пайызға, ал 2022 жылы тағы 10 пайызға жоғарылаған.

Зейнетақы жинағынан бөлек тұрғын үй нарығындағы бағаның өсуіне өзге де факторлар әсер еткен болатын. Мысалы, доллар бағамының өсуі, құрылыс материалдарының бастапқы нарықтағы қымбаттауы қайталама нарыққа айтарлықтай әсер еткен, сондай-ақ 2022 жылы тұрғын үй құрылысының қарқыны баяулаған.

Жалпы 2023 жылы өткен жылдармен салыстырғанда күрт өзгерістер болған жоқ: 2023 жылдың бірінші тоқсанында баға сәл көтерілгенімен, жаздың соңына қарай төмендеген. Ал күзде баға өсімі тоқтап, қыста сәл көтеріле бастады, тіпті жыл соңында тұрғын үй бағасы төмендеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2060668-songy-zyldary-qazaqstanda-pater-bagasy-qansaga-osti/