Қазақстанда көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы өсті ме
Жарияланған күні:
Читать на русском2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы АЕК-тің өсуіне байланысты 7 пайызға артты. Бұл жөнінде KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Қазақстанда төрт немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бір үйде бірге тұратын отбасы көпбалалы отбасы болып саналады. Бұған қоса күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалар де есепке алынады.
Мұндай отбасыларға көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, 2024 жылдың қаңтарында көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен 571,6 мың отбасы қамтылды, оларға жалпы сомасы 38,1 млрд теңге төленді.
2024 жылдан бастап көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақының мөлшері айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) ұлғаюына байланысты 7 пайызға өсті. Осылайша көпбалалы отбасыларға балалардың санына байланысты мынандай сомада жәрдемақы төленеді:
- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 59 183 теңге;
- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 73 988 теңге;
- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 88 793 теңге;
- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 103 598 теңге;
- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 14 768 теңге мөлшерінде төленеді.
Биыл көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 474,8 млрд теңге қарастырылған.
Айта кетейік, бұған дейін желіде БҰҰ қазақстандықтарға 105 мың теңге жәрдемақы береді деген жалған ақпарат тарағанын жазған едік.
"Бұл жаңалық жалған. Айта кету керек, БҰҰ ешқашан бенефициарларға тікелей қаражат бермейді. БҰҰ ұсынатын барлық көмек ресми бағдарламалар мен серіктес ұйымдар, соның ішінде мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арқылы жүзеге асырылады", - деп хабарлады БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2063257-qazaqstanda-kopbalaly-otbasylarga-beriletin-zardemaqy-osti-me/