Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда президент стипендиясын тағайындау ережесі өзгерді

Опубликовано:

Студент
Студент. Фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Ғылым және жоғары білім министрі 2024 жылғы 20 ақпандағы бұйрығымен Қазақстан республикасының президенті белгілеген стипендияларды тағайындау ережесіне өзгерістер енгізді. Бұл жөнінде Қазақстанның нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Бұл ереже Қазақстан Республикасының президенті белгілеген стипендияларды меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері мен магистранттарына тағайындау тәртібін айқындайды", - делінген ереже мәтінінде.

Стипендия мына мақсаттарға бағытталған:

  • студенттер мен магистранттардың ғылыми-зерттеу және оқу-танымдық қызметін ынталандыруға;
  • анағұрлым талантты және дарынды студенттер мен магистранттарды қолдауға;
  • интеллектуалды әлеуетін қалыптастыруға ықпал етуге.

Ережеге сәйкес, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, 25 қаңтарға дейін өздері қарауындағы мемлекеттік органдарға стипендияға қажеттілікті жібереді.

Стипендия санын бөлу күндізгі оқу нысаны бойынша студенттер мен магистранттар контингентіне сәйкес іске асырылады.

Күндізгі оқыту нысаны бойынша студенттер мен магистранттар контингенті кемінде 700 адам болатын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында стипендия бөлу іске асырылмайды.

"Стипендия күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын студенттерге 3-курстан бастап, магистранттарға – екінші оқу жылынан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша және ақылы негізде тек "өте жақсы" (А, А-) оқитын студенттерге және магистранттарға беріледі", - делінген құжатта.

Стипендия студенттер мен магистранттардың мынадай санаттарына тағайындалады:

  • республикалық және халықаралық олимпиадалардың, шығармашылық конкурстардың, спорттық жарыстардың, фестивальдардың жеңімпаздары немесе жаңалықтар, өнертабыстар авторлары;
  • ғылыми еңбек жинақтарында, республикалық және халықаралық ғылыми журналдарда жарияланымдары бар;
  • табыстары дипломдармен, грамоталармен, сертификаттармен, куәліктермен расталған ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді айналысатындар;
  • жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қоғамдық, мәдени және спорттық өміріне белсене араласатындар.

Стипендия ғылыми кеңестің шешімі негізінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ректорының бұйрығымен іске асырылады.

Стипендия бір академиялық кезеңге тағайындалады

Стипендия ұйымның ғылыми кеңесінің шешіміне сәйкес бір тұлғаға бірнеше рет берілуі мүмкін.

"Кезекті академиялық кезеңге стипендияларды тағайындау жөніндегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымның ғылыми кеңесінің шешімі академиялық кезең басталғанға дейін екі аптадан кешіктірілмей қабылданып, министрлікке магистранттар менстуденттердің тізімімен қоса жіберілуге тиіс", - делінген ережеде.

Стипендияларды тағайындау кезінде тең жағдайда басымдық:

  • жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
  • бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балаларға беріледі.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында стипендияны тағайындауға үміткер болмаған жағдайда жоғары оқу орындары белгілі стипендиялардың санынан бас тарту туралы ақпаратты академиялық кезең басталғанға дейін екі апта бұрын ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органға ұсынады.

Стипендияларды төлеу тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген қаражаттар шегінде ай сайын жүргізіледі.

Бұйрық 2024 жылғы 9 наурыздан бастап күшіне енеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2063449-qazaqstanda-prezident-stipendiyasyn-tagaiyndau-erezesi-ozgerdi/

pixel