Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда жаңа арнайы әлеуметтік төлем мөлшері өсе ме

Опубликовано:

Есеп жүргізіп отырған әйел
Ақша. Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Арнайы әлеуметтік төлем төрт құрамдас бөліктен тұрады. Соның ішінде үшеуі ең төменгі күнкөріс мөлшері өскен сайын жоғарылайды, ал төртіншісі жыл сайын 5 пайызға артып отырады. Жаңа арнайы әлеуметтік төлем өсімі туралы толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Жаңа жылдан бастап Қазақстанда зиянды өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем беріледі.

Оны 55 жасқа толған және 7 жыл бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) төлеп отырған азаматтар ала алады. Бұл жағдайда төлем тағайындалмас бұрын зиянды өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін адам ол жерден шығып кетуі керек. 2024 жылы 37 мыңнан астам адам аталған әлеуметтік төлемді алуы ықтимал.

Бұған дейін биыл арнайы әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 208 мың теңгеден асуы мүмкін екенін жазған едік. Дегенмен оның мөлшері қызметкерге байланысты құбылып отырады. Сонымен қатар бұл әлеуметтік төлем жыл сайын өседі.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) ақпараты бойынша, арнайы әлеуметтік төлем бірнеше құрамдас бөліктен тұрады:

  • республикалық бюджеттен төленетін төлем;
  • сақтандыру компаниясынан берілетін төлем;
  • жұмыс берушінің есебінен жасалатын төлем;
  • БЖЗҚ есебінен жасалатын төлем.

Соның ішінде жұмыс беруші есебінен, сақтандыру ұйымы есебінен әрі республикалық бюджеттен төленетін төлемдердің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты. Яғни бұл компоненттер ең төменгі күнкөріс мөлшері жоғарылаған сайын артады. Ең төменгі күнкөріс деңгейін жыл сайын республикалық бюджет белгілейді. Еске салайық, 2024 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 7 пайызға өсіп, 43 407 теңгеге жеткен болатын.

Бұл ретте зейнетақы қорынан түсетін әлеуметтік төлем мөлшері де әлеуметтік төлем алушының зейнетақы жинағының мөлшеріне байланысты артады. БЖЗҚ мәліметіне сүйенсек, БЖЗҚ-дан берілетін ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері жыл сайын 5 пайызға индексацияланып, қазақстандықтың зейнетақы жинағы таусылғанға дейін төленіп отырады.

Осылайша қазақстандықтар арнайы әлеуметтік төлем ала алады. Оған қоса оның мөлшері жыл сайын артып отырады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2064289-qazaqstanda-zana-arnaiy-aleumettik-tolem-molseri-ose-me/

pixel