Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алаяқтар ақша ұрлау үшін қазақстандықтардың фотосуретін қалай "тірілтеді"

Опубликовано:

Бет-жүзді сканерлеу
Бет-жүзді сканерлеу. Көрнекі фото: freepik.com

Бүгінде алаяқтар нейрожелілердің көмегімен кез келген адамның дауысы мен келбетін барынша шынайы етіп жасай алады. Нейрожелілердің көмегімен алаяқтар тіпті қазақстандықтардың атынан несие рәсімдеуі де мүмкін. Жаңа алаяқтық туралы толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыздар.

Алаяқтар бір орында тұрмайды әрі жаңа технологияларға құмар. Олар жаңа технологияларды белсенді меңгеріп, кейін қылмыс жасауға пайдаланады. Бүгінде алаяқтар жасанды интеллект пен нейрожелілерді де өз пайдасына қолдануды үйреніп алған.

Мысалы, бұған дейін алаяқтар жаңа технологияларды дипфейк жасау үшін қалай пайдаланатынын жазған едік. Олар жәбірленушілердің дауысын салып, кейін телефонында сақтаулы нөмірлерге ақша жіберулерін өтініп, аудио жазба жібереді.

Алайда жасанды интеллект тек адамның дауысын емес, бет-әлпетін де жасай алады. Оған қоса, FinGramota медиа-порталы сарапшыларының айтуынша, қарапайым азаматтардың дипфейктерді ажыратуы мүмкін емес.

Бұған дейін қазақстандықтар дипфейк пайдаланылған алаяқтық жарнамаға тап болған еді. Еске салайық, былтыр әлеуметтік желіде Тоқаевтың қазақстандықтарға Илон Масктің жаңадан шыққан инвестициялық платформасына қаржы салуға үндеуі түсірілген видео тарағаны хабарланған болатын.

Бағдарлама
Бағдарлама. Көрнекі сурет: pexels.com

Айта кетейік, дипфейктің қармағына танымал адамдар ғана емес, қарапайым қазақстандықтар да ілігуі мүмкін.

Сарапшылардың айтуынша, алаяқтар азаматтардың банк шотына қол жеткізіп, ақшасын алу үшін немесе несие рәсімдеу мақсатында нейрожелілердің көмегімен жасалған бағдарламаны қолданулары мүмкін.

Мысалы, қазір әлеуметтік желіде кейбір қазақстандықтардың жаңа схемаға іліккені туралы ақпарат тарауда: алаяқтар қазақстандықтардың бет-жүзі мен дауысын видеоқоңырау кезінде көшіріп, кейін банк қосымшаларында биометриядан өту мақсатында пайдаланған.

Сондай-ақ Интернетте дипфейк жасауға мүмкіндік беретін сервистер көп. Кез келген Интернет пайдаланушысы қандай да бір адамның фотосы мен дауысы жазылған бірнеше секундтық дыбыстық жазбасын пайдаланып, бірер минут ішінде оның "тірі" көшірмесін жасай алады.

Мұндай дипфейктің сапасы төмен болуы ықтимал, сондықтан мұқият қараған желі қолданушысы ақпараттың жалған екенін бірден анықтайды. Дегенмен қазақстандықтардың алаяқтардан сақтану мақсатында бейтаныс нөмірлерден келетін бейнеқоңырауды мүлдем қабылдамағаны абзал.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2068989-alayaqtar-aqsa-urlau-usin-qazaqstandyqtardyn-fotosuretin-qalai-tiriltedi/

pixel