Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары ақысыз демалысқа шыға алады
Жарияланған күні:
Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары ақысыз демалысқа шыға алады. Еңбек кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес, мұндай демалыс мерзімі 30 күннен аспауы тиіс, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
ҚР Еңбек кодексіне түзетулер енгізілді, оған сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер ақысыз демалыс алу құқығына ие болады.
Осылайша, Еңбек кодексінің 97-бабы жаңа тармақпен толықтырылмақ.
"Жұмыс беруші жұмыскерге тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ұйымдарда болған кезеңде жалақы сақталмайтын, бірақ күнтізбелік 30 күннен аспайтын демалыс беруге міндетті.
Жалақы сақталмайтын демалыс оның ұзақтығы көрсетіліп және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну туралы шарттың көшірмесі ұсыныла отырып, жұмыскердің жазбаша хабарламасы негізінде беріледі", - делінген түзетілген Заң мәтінінде.
Түзетулер 16 маусымнан бастап күшіне енеді.
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату
15 сәуірде ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату туралы заңға қол қойды.
Қол қойылған заңдар әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жауапкершілікті күшейтетін нормаларды енгізеді, сондай-ақ отбасы институтын және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтуға арналады:
- денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды;
- неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпыадамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу негізінде балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған;
- отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздері жасалды. Оның рөлін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға атқарады. Бұл ретте мемлекеттік органдар отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзара әрекет етіп қана қоймай, байланыс орталығына азаматтардың өтініштерін қарау нәтижесінде қабылданған шаралар туралы ақпарат беругеміндетті болады;
- тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құруға және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді;
- өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді;
- 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды;
- кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді; білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті;
- 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды.
Сондай-ақ жаңа заңның қабылдануына байланысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде (ӘҚБтК) қабылданған заңға қатысты әкімшілік жазалардың жаңа түрлері пайда болды. Бұл ретте жауапкершілік ата-анаға ғана емес, басқа жауапты тұлғаларға да қатысты болмақ.
Сонымен қатар БҰҰ тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғайтын заң қабылдағаны үшін Қазақстанға алғыс білдірді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2089832-qazaqstanda-turmystyq-zorlyq-zombylyq-qurbandary-zalaqysy-saqtalmaityn-demalysqa-syga-alady/