Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін заң қабылданды: БҰҰ өкілі мәлімдеме жасады

Опубликовано:

Жұдырық
Жұдырық. Көрнекі фото: pixabay.com

15 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін заңға қол қойды. Осыған байланысты БҰҰ мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ұйымның ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

БҰҰ Қазақстанға тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғайтын заң қабылдағаны үшін алғыс білдірді.

Микаэла Фриберг-Сторидің пікірінше, жаңа заң "гендерлік зорлық-зомбылықтың барлық түрін жоюға бағытталған маңызды қадамды білдіреді. Бұл заңнамалық шешім Қазақстанның адам құқықтарын, әсіресе әйелдерді, балаларды және халықтың осал топтарын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауға деген ұмтылысын көрсетеді".

БҰҰ-ның тұрақты үйлестірушісі Қазақстан тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс деп санай отырып, мұндай әрекетке жол берілмейтінін және кінәлілер заңға сәйкес жауапкершілікке тартылатынын нақты көрсетіп отырғанын атап өтті.

"Бұл маңызды қадам гендерлік теңдікті ілгерілетіп қана қоймайды, сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің өмірін қалпына келтіру үшін сот төрелігі мен қолдау қызметтеріне қол жеткізуін қамтамасыз етеді", - деді ол.

Оның айтуынша, БҰҰ гендерлік зорлық-зомбылықты жою және өзінің барлық азаматы үшін құрмет, теңдік және қадір-қасиет мәдениетін ілгерілету бойынша Қазақстанға қолдау көрсетуге дайын.

Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған еді.

"Енгізілген түзетулер қоғамда қызу талқыланды. Парламент палаталарының отырыстарына Ұлттық құрылтай мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдері және Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл қатысты", - деп мәлімдеді заң қабылданған кезде Ақорданың баспасөз қызметі.

Әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді:

  • денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды;
  • неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпыадамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу негізінде балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған;
  • отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздері жасалды. Оның рөлін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға атқарады. Бұл ретте мемлекеттік органдар отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзара әрекет етіп қана қоймай, байланыс орталығына азаматтардың өтініштерін қарау нәтижесінде қабылданған шаралар туралы ақпарат беругеміндетті болады;
  • тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құруға және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді;
  • өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді;
  • 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды;
  • кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді;
  • білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті;
  • 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2085476-qazaqstanda-turmystyq-zorlyq-zombylyqqa-zazany-kuseitetin-zan-qabyldandy-buu-okili-malimdeme-zasady/