Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда пияз күрт қымбаттады

Жарияланған күні:

Көкөніс
Көкөніс.Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Бір аптаның ішінде Қазақстанда пияз бағасы 4,2 пайызға қымбаттады. Бағаның ең жоғары өсуі Көкшетауда тіркелді – плюс 16,3 пайыз. Мұның мән-жайын KAZ.NUR.KZ анықтады.

Соңғы айларда Қазақстанда пияз бағасы күрт төмендеген болатын. Бұл құлдыраудың салдарынан ауыл шаруашылығы саласында түрлі проблема туындады. Кейбір шаруалар егінін сата алмай, көбі ысырап болмас үшін пиязды тегін үлестіруге мәжбүр болды.

Алайда сәуір айының соңында жағдай күрт өзгерді. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстанда пияз бағасының күрт өсуі тіркелді. Бар болғаны бір аптаның ішінде, яғни 23-30 сәуір аралығында ол орташа есеппен 4,2 пайызға өсті.

Өңірлер бойынша баға Көкшетауда ең жоғары – 16,3 пайызға өсті. Одан кейінгі орында Тараз – плюс 15,1 пайыз, Ақтөбе үздік үштікті жапты – бір апта ішінде плюс 13,1 пайыз.

Сондай-ақ Қарағандыда (7,6 пайызға), Талдықорғанда (6,7 пайызға), Атырауда (6,3 пайызға) және Алматыда (5,6 пайызға) бағаның қатты өсуі байқалды. Астана мен Шымкентте өсім аптасына сәйкесінше 1,2 пайыз және 2,2 пайыз болды.

Бұл ретте еліміздің алты қаласында бір апта ішінде пияз бағасы өзгерген жоқ: Жезқазған, Қостанай, Өскемен, Павлодар, Петропавл және Семейде. Ең аз өсім Ақтауда тіркелді – бір аптада небәрі 0,8 пайыз.

Пияз бағасы
Пияз бағасының өзгеруі. Дереккөз: Ұлттық статистика бюросы

Дегенмен бағаның күрт көтерілуіне қарамастан, пияздың қазіргі уақытта бір жыл бұрынғыдан – орташа есеппен 50,4 пайызға арзандағанын айта кеткен жөн. Қазір оның еліміздегі орташа құны 92 теңгені құрайды.

Айта кетерлігі, бағаның көтерілуі мемлекет тарапынан бақылауға алынды. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, маусымаралық кезеңде өнімді нарыққа шығару үшін әкімдіктер шаруалардан көкөністі, оның ішінде пиязды алдын ала сатып алған. Демек, қазіргі бағаның өсуі қысқа мерзімді болып, ұзақ уақытқа созылмауы әбден мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2095283-qazaqstanda-piiaz-kurt-qymbattady/