Зиян еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар арнайы төлемді қалай алады
Жарияланған күні:
Қазақстанда зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің саны, сондай-ақ арнайы әлеуметтік төлемді кім және қалай алатыны туралы NUR.KZ тілшісі баяндайды.
Ұлттық статистика бюросының 2023 жылғы деректеріне сәйкес, Қазақстанда зиянды еңбек жағдайларында 410 мыңға жуық адам жұмыс істейтіндігі анықталған. Олардың басым бөлігі өнеркәсіп (265 мыңға жуық адам), көлік және жинақтау (57 мыңнан астам адам) және басқа да салаларда (88 мыңнан астам адам) қызмет етеді.
Еске сала кетсек, 2014 жылдан бастап еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын адамдарға қатысты мемлекет, жұмыс беруші және жұмыскер арасындағы тең жауапкершілік қағидатына негізделген зейнетақымен қамсыздандырудың міндетті кәсіптік схемасы енгізілген. Яғни, жұмыс беруші өз қаражаты есебінен БЖЗҚ-на еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерге 5 пайыз міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аудара бастады.
Осыған байланысты 2024 жылдан бастап зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің бір бөлігі өз еңбектері үшін мемлекеттік қолдаудың жаңа түрін ала бастады.
Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға арналған әлеуметтік төлем мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ағымдағы жылдың басынан бастап іске асырылды.
Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын адамдарға арнаулы әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін қойылатын басты талаптың бірі – жұмысшының 55 жасқа жетуі. Сондай-ақ әлеуметтік төлемді алам деушілердің бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 7 жыл және одан жоғарғы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу фактісінің болуы шарт. Дегенмен әлеуетті төлем алушылар еңбек қызметін тоқтатуы немесе еңбек жағдайлары зиянды емес басқа жұмысқа орналасуы керек.
Яғни, арнайы әлеуметтік төлемдерге құқық қызметкер зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстарда еңбек қызметін тоқтатқан немесе зиянды өндірістік факторлардың әсерін болдырмайтын басқа жұмысқа ауысқан жағдайда туындайды.
Әлеуметтік төлем алуға құқығы бар алушылардың екі санаты бар:
- Зиянды еңбек жағдайларында енді жұмыс істемейтіндер, бірақ талаптарға сай келетіндер. Оларға төлем екі көзден жүзеге асады: республикалық бюджет және БЖЗҚ.
- Зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстарда еңбек қызметін тоқтатқан немесе жеңіл жұмысқа ауысуға шешім қабылдаған кәсіпорын қызметкерлері. Бұл жағдайда арнаулы әлеуметтік төлемдер төрт қаржыландыру көзінен жүзеге асырылады:
- ең төмен күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінде республикалық бюджеттен;
- қолда бар зейнетақы жинақтарын ескере отырып БЖЗҚ-дан;
- өмірді сақтандыру компанияларынан бір ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
- жұмыс берушілердің қаражаты есебінен бір ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 43407 теңгені құрайды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша ағымдағы жылы арнайы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері – 208 мың теңге.
Арнайы әлеуметтік төлемді алу үшін не істеу керек
- Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда еңбек ететін адамдарға арнайы әлеуметтік төлем алу үшін жұмыс берушіге зиянды өндірістік факторлардың әсерін болдырмайтын басқа жұмысқа ауыстыру немесе еңбек шартын бұзу туралы өтініш беру қажет.
- Жұмыс беруші (кадр бөлімі):
- еңбек шартын бұзады немесе басқа жұмысқа ауыстырады;
- үш жұмыс күні ішінде еңбек ресурсы порталына еңбек шартының талаптарының өзгеруі туралы ақпаратты енгізеді;
- жеті жұмыс күні ішінде қызметкердің пайдасына сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру үшін сақтандыру ұйымына өтінішпен жүгінеді;
- үш жұмыс күні ішінде сақтандыру ұйымынан зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты келіп түскен кезде шартқа қол қойылады және сақтандыру ұйымына кері жібереді.
3. Сақтандыру ұйымы:
- Жұмыскерлердің деректерін жинауға және өңдеуге келісім алу үшін оған SMS-хабарлама (1414) жібереді. Келісімді растау үшін аталмыш хабарламаға 511 сан жинағын теру керек.
- Қызметкер келіскен жағдайда төрт жұмыс күні ішінде жұмыс берушіге зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты жіберіледі;
- Жұмыс берушімен (сақтандырушы) қызметкердің пайдасына зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандыру шартын жасасады;
4. Барлық шарттар сәйкес болған жағдайда, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесінде автоматтандырылған режимде қызметкерге жәрдемақы алу және банктік шотты таңдау мүмкіндігі туралы оның нөміріне SMS-хабарлама (1414) келеді.
5. Проактивті қызмет көрсетуге келісе отырып, жауап хабарламасын алған кезде автоматты түрде тағайындау жүргізіледі.
6. Қызметкерге жәрдемақы тағайындау туралы хабарлама жіберіледі.
Еңбек шарты бұзылған жағдайда қызметкердің "Күміс жас" және "Ұрпақтар келісімшарты" жобаларына қатысуға, сондай-ақ ENBEK электрондық еңбек биржасы арқылы өз бетінше жұмысқа орналасуға мүмкіндігі бар екенін ескерген жөн.
Бүгінгі таңда 10 097 азамат арнайы әлеуметтік төлем арқылы өз құқықтарын сақтай алды. Өңірлер арасында Қарағанды облысы (1 874 алушы), Қостанай облысы (1 284 алушы) және Шығыс Қазақстан облысы (1237 алушы) үздік үштікке енді.
Еске сала кетейік, егер төлем алушы еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарға қайта орналасса, онда барлық төлемдер автоматты түрде тоқтатылады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2164059-ziiandy-engbek-zhagdaiynda-zhumys-isteitin-azamattar-arnaiy-tolemdi-qalai-alady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.