Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Доллар қымбаттады, баға шарықтап кетпей ме: Ұлттық банк төрағасы пікір білдірді

Жарияланған күні:

Калькулятор мен ақша
Калькулятор мен ақша. Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке брифинг барысында доллардың қымбаттауы халық күнкөрісіне қалай әсер ететіні туралы сұрақ қойылды. Бұл жөнінде KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

"Мен де көріп, бақылап отырмын. Сондықтан 500 деген психологиялық тұрғыдан қиын соғуы мүмкін. Бірақ математиктің, экономистің тіпті бизнесменнің көзімен қарасаңыз, өзгеріс тек 2 пайыз. Әрине мұның бәрі керісінше болғаны жақсы, бірақ бұл – нарық. Сондықтан теңгенің соңғы үш аптадағы екі пайызға әлсіреуі қай жағынан болса да әсер етуі мүмкін. Бірақ соншалықты дүрбелең туғызады деп ойламаймын. Сол себепті мен баға бірден ұшып кетеді деп алаңдамаймын. Оның үстіне барлық азық-түлік түрлерімен біз өзімізді-өзіміз қамтамасыз етіп отырмыз", - деп жауап берді Тимур Сүлейменов журналистер сауалына.

Айта кетейік, 28 қарашада Қазақстанның валюта айырбастау пункттерінде бір доллардың бағасы 527 теңгеге жетті.

Артынша Ұлттық банк өкілдері валюта нарығындағы қазіргі жағдайды түсіндіріп, мәлімдеме жасады.

"Қаржылық тұрақтылық тәуекелдері және іргелі факторларға сәйкес келмейтін айырбас бағамының шамадан тыс құбылмалылығы туындаған жағдайда, Ұлттық банк әділ бағам түзілуін қалпына келтіру және валюта нарығының қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін валюталық интервенциялар жүргізуді жалғастыруға дайын", - деп мәлімдеді банк өкілдері.

Бүгін, 29 қарашада Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,25 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Банк өкілдері "шешім жаңартылған болжамдар мен инфляция тәуекелдері балансының бағалауын ескере отырып қабылданғанын" атап өтті.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов брифингте базалық мөлшерлемені көтеру жөнінде шешім қабылдауға не себеп болғанын түсіндірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2194271-dollar-qymbattady-baga-sharyqtap-ketpei-me-ulttyq-bank-toragasy-pikir-bildirdi/