Ұлттық банк валюталық интервенцияға 1 млрд доллар жұмсаған
Жарияланған күні:
Қазақстанның Ұлттық банкі теңгені тұрақты ұстап тұру үшін тағы да валюталық интервенция жүргізді. Бұл жөнінде орталық банк төрағасы Тимур Сүлейменов брифинг барысында айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілішісі.
Ұлттық банк интервенцияға 1 млрд доллар бөлген. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтың айтуынша, бұл жұмыстар теңгенің бағамын ұстап тұру үшін 16 қарашадан бастап жүргізіліп келген.
Айта кетейік, 28 қарашада Қазақстанның валюта айырбастау пункттерінде бір доллардың бағасы 527 теңгеге жетті.
Ұлттық банк өкілдері 28 қарашада валюта нарығындағы қазіргі жағдайды түсіндіріп, мәлімдеме жасады.
"Қаржылық тұрақтылық тәуекелдері және іргелі факторларға сәйкес келмейтін айырбас бағамының шамадан тыс құбылмалылығы туындаған жағдайда, Ұлттық банк әділ бағам түзілуін қалпына келтіру және валюта нарығының қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін валюталық интервенциялар жүргізуді жалғастыруға дайын", - деп мәлімдеді банк өкілдері.
Бүгін, 29 қарашада Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,25 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Банк өкілдері "шешім жаңартылған болжамдар мен инфляция тәуекелдері балансының бағалауын ескере отырып қабылданғанын" атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2194281-ulttyq-bank-valiutalyq-interventsiiaga-1-mlrd-dollar-zhumsagan/