Министр: Теңгенің әлсіреуіне байланысты пәтер қымбаттауы мүмкін
Жарияланған күні:
Үкіметтің дүйсенбідегі брифингінде журналистер ұлттық экономика министрінен теңгенің әлсіреп, доллар бағамының көтерілуі Қазақстандағы тұрғын үй бағасына қаншалықты әсер етеді деп сұрады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Тұрғын үй нарығына келер болсақ: құрылысшылар тілімен айтсақ, сыртқы қаңқасы, яғни негізінен құрылыс материалдары – цемент, арматура, осының бәрін өзіміз қамтамасыз етеміз. Бізде оның ішкі жағында мәселе бар. Мұнда да шара қолданып жатырмыз – өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне құрылысты дамыту жөнінде арнайы бағдарлама дайындау тапсырылған.
Құжат бөлменің ішін өңдеуге қажетті материалдарды сырттан импорттауды азайтуды қарастырады. Тұрғын үй нарығында баға өзгеруі мүмкін. Оның импортталатын құрылыс материалдарына қатысы бар. Сол себепті қымбаттамайды деп айта алмаймыз. Айта кетейін дегенім, әлеуметтік баспана мәселесін біз бақылауда ұстап отырмыз. "Отбасы банк" өнімдері, әлеуметтік жалға алу, Қазақстан тұрғын үй компаниясының қаржысымен несиеге алынатын баспана – осыларды бақылауда ұстай аламыз", - дейді ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.
Оның айтуынша, түптеп келгенде Қазақстанда жылжымайтын мүлік бағасын нарықтың өзі реттейді.
"Тұрғын үйдің түрлері көп: бизнес-баспана, элита немесе люкс-класс. Мұнда бағаны нарықтың өзі реттейді. Осындай бағаға сұраныс болса, құрылыс компаниялары сатады. Сұраныс болмаса, біздің құрылыс компаниялары осы жылдары маркетингті меңгерген, түрлі схемалармен сата алады. Сатушы мен сатып алушы бір-бірін табады деп ойлаймын. Мұнда көп нәрсе халықтың түрлі деңгейінде сатып алу мүмкіндігіне байланысты", - дейді министр.
Қарашаның аяғынан бастап Қазақстанда теңгенің долларға шаққандағы бағамы күрт құбылып, 2 желтоқсанда 530 теңгеден асып түсті.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда тұрғын үй бағасы бастапқы және қайталама нарықта айтарлықтай өсуі мүмкін екені айтылған.
Осының алдында үкімет ипотека ала алмай жүрген қазақстандықтар не істеуі керек деген сауалға жауап берген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2195184-ministr-tenggening-alsireuine-bailanysty-pater-qymbattauy-mumkin/