Сарапшылар неліктен доллармен қатар Қазақстанда баспана бағасы да өсіп жатқанын түсіндірді
Жарияланған күні:
Елімізде доллар бағамы 500 теңге межесінен аса сала, баспана бағасы да көтеріліп жатыр. KAZ.NUR.KZ тілшісі экономистерден мұның себебін сұрастырды.
- Экономист Мұрат Қастаевтың айтуынша, доллардың қымбаттауы құрылыс материалдары мен тұрғын үйдің өзіндік құнын өсіреді, сонымен қатар елдегі тұрғын үйге сұраныстың артуы да баға өсуіне әсер етеді.
- Сарапшы Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, мұнай бағасының төмендеуі және АҚШ долларының нығаюы теңгенің әлсіреуіне әкеліп, бұл өз кезегінде құрылыс материалдарының қымбаттауына себеп болады.
- Экономистер баға өсуін тежеу үшін тұрғын үй құрылысын арттыру, отандық құрылыс материалдарын өндіруді дамыту және экономиканы әртараптандыру қажет деп санайды.
Экономист Мұрат Қастаевтың айтуынша, жылжымайтын мүлік доллармен қатарлас өседі.
"Оның бірінші себебі – еліміздегі құрылыс тауарларының біраз бөлігі шетелден әкелінеді, ал еліміздегі өндірілетін құрылыс материалдары шетелдік құрал-жабдықта шығарылып, шетелдік шикізат пен материалдарға тәуелді, сондықтан доллар өскен сайын құрылыс материалдары қымбаттайды. Яғни жылжымайтын мүліктің өзіндік құны өсіп, бағасы да қымбаттайды", - дейді ол.
Сарапшының пікірінше, бағаның өсуіне екінші себеп – Қазақстанда халық саны өсіп жатыр, халыққа тұрғын үй жетіспейді және тұрғын үйге сұраныс үнемі өсіп жатыр.
"Құрылыс қарқыны жоғары болса да, ол қарқын әлі жетіспейді, бағаларды түсіру үшін тұрғын үй құрылысы қарқындарын 2-3 есе көбейту керек, сонда шамамен 8-10 жыл ішінде сұраныс пен ұсыныс теңеліп, бағалар тұрақтайды. Оған дейін бағалар тек өсе береді, тек өсу қарқыны тез немесе баяу болуы мүмкін, бірақ тұрғын үй бағалары көтеріле береді", - дейді ол.
Мұрат Қастаев АҚШ доллары қараша айында жалпы әлем бойынша қымбаттағанын айтып өтті.
"Оның басты себебі – АҚШ президенттік сайлауында Дональд Трамптың жеңіске жетуі. Трамп өте қатал экономикалық және сыртқы саясат жүргізуді жоспарлап отыр, ол ең бастысы Американың экономикалық мүдделерін алға тартып, Қытай, Еуроодақ, басқа да елдерге сауда шектеулерін енгізуді қалайды. Бұл шаралар америкалық доллардың күшеюіне алып келеді. Сонымен қатар Трамп АҚШ-тағы мұнай өндірісін өсіремін деп отыр, ал АҚШ онсыз да дүние жүзінде ең көп мұнай өндіретін ел.
АҚШ-та мұнай өндірісінің нығаюы мұнай бағаларының төмендеуіне әкеп соғады, ал басқа елдерге салынатын сауда шектеулері әлемдік сауда мен экономикалық өсімді бәсеңдетеді. Нәтижесінде мұнай бағасы төмен түсіп, доллар күшейіп, екеуі қосылып теңгеге үлкен қысым көрсетті. Соның нәтижесінде теңге долларға қарағанда қараша айында біршама әлсіреді", - дейді ол.
Алайда доллардың өсіп, теңгенің құнсыздануын тек сыртқы факторларға балауға болмайды, дейді ол. Еліміздің ішкі экономикалық проблемалары да көп.
"Ең бірінші – ол мемлекеттік бюджеттің дефициті, яғни мемлекеттің табысына қарағанда шығындарының көп болуы. Қазір сол дефицит Ұлттық қордан түскен трансферлердің арқасында жабылып отыр. Алайда Ұлттық қордан ақша ала берген сайын еліміздің алтын-валюта қорлары азаяды, ол, әрине, қысқа мерзімдегі мәселелерді шешеді, бірақ ұзақ мерзімде экономиканың тұрақтылығына теріс әсер етеді. Бюджет дефицитінің өсіп, қорлардың азаюы – теңге үшін негативті факторлар, және мұнда Трамптың кінәсі жоқ, ол өзіміздің мәселеміз және оны өзіміз шешуіміз тиіс, тіпті үкімет оның алдын алуы тиіс еді.
Айта кету керек, біздің теңгеміздің тұрақсыздығы Қазақстан экономикасының тұрақсыздығының көрсеткіші, себебі біздің экономика әлемдегі ахуалға тым тәуелді. Экономикамыздың негізі – ол мұнай мен басқа да шикізат сату, сондықтан экономиканың құрылымы өзгермегенше, тұрақсыздық сақтала береді. Экономика мен теңге тұрақты және күшті болу үшін шикізат емес, дайын күрделі тауарлар мен қызметтердің отандық өндірісін дамыту қажет, экспортты нығайтып, импортты азайту керек, экономикадағы мемлекет үлесін азайтып, жеке меншік бизнесті барынша қолдау қажет, мемлекеттік және квазимемлекеттік шығындарды күрт қысқарту қажет. Соның бәрін жүзеге асырса, 3-5 жыл қиын болады, бірақ түбі елеулі оң өзгерістерге қол жеткізуіміз мүмкін", - дейді Қастаев.
Экономист Бауыржан Ысқақов та Қазақстан мұнай экспортына тәуелді ел болғаны үшін мұнай бағасының құлдырауы теңгенің құлдырауына әкелетінін айтады.
"Мысалы, бұрын 80 доллардан сатылып жатқан мұнай баррелі 70 долларға төмендеп кетуі теңге бағамына теріс әсерін тигізді. Ал одан кейін АҚШ долларының әлем нарығында нығаюы дамушы елдерге саяси-сауда қарым-қатынастары қатаң болуы сол ел валютасының бағамы өзгеруіне кері әсерін тигізді. Яғни Дональд Трамптың президент болып сайлануының әсері жоқ деп айта алмаймыз. Трамптың экономикалық саясатта, мұнай өндірісін ұлғайтуға бағытталған жоспарлары мұнай бағасының төмендеуі мен сәйкесінше теңгенің әлсіреуіне әсерін тигізіп отыр", - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, жылжымайтын мүлік бағасына доллардың тікелей және балама әсері бар.
"Мысалы ұлттық валютаның девальвациясы кезінде теңгемен қымбаттап, доллармен төмендеуі де мүмкін. 2015 жылғы девальвацияны алсақ, теңгемен есептегендегі бағасы көтерілгенін, ал доллармен төмендегенін көрдік. Сонымен қатар доллар бағамының өсуі құрылыс материалдарының қымбаттауына әкеледі. Өйткені бізде көптеген тауар импорт екені белгілі. Яғни сырттағы нарыққа тікелей байланысты. Мысалы 2021 жылы арматура мен цемент 55 пайызға, бетон 30 пайызға, ал басқа құрылыс шикізаттары 80 пайызға дейін қымбаттаған. Бұл құрылыс бағасына әсерін тигізеді ", - дейді ол.
Сонымен қатар, Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, доллар бағамының артуы инфляцияны да арттырады, халықтың сатып алу қабілетін де төмендетеді. Ал бұл өз кезегінде мүлікке сұранысты азайтып, бағаның тұрақтануына да әсерін тигізеді.
"Өйткені нарықты нарық өзі белгілейді. Халықтың төлем қабілеті төмендегенде әртүрлі құрылыс компаниялары акция, жеңілдіктер жасайды. Бұл жерде доллардың тікелей әсерін азайту үшін мемлекет қосымша шаралар қолдану керек. Мысалы құрылысқа пайдаланылатын материалдарды өз елімізде шығаруға күш салу керек. Яғни біздің сатып алатын тауарларымызды доллармен емес, теңгемен алу мүмкіндігі болуы керек", - дейді экономист.
Еске салайық, премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров теңгенің әлсіреуіне байланысты пәтер қымбаттауы мүмкін екенін мәлімдеген. Оның сөзінше, тұрғын үй нарығында баға өзгеруі мүмкін. Оның импортталатын құрылыс материалдарына қатысы бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2196494-sarapshylar-nelikten-dollarmen-qatar-qazaqstanda-baspana-bagasy-da-osip-zhatqanyn-tusindirdi/