Қаржы

Зектілері

"Инфляцияны тежеп, қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету": Тоқаев Ұлттық банк төрағасына бірқатар тапсырма берді

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев Тимур Сүлейменов
Қасым-Жомарт Тоқаев Тимур Сүлейменов. Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесуде Тимур Сүлейменов мемлекет басшысына Ұлттық банктің былтыр жүзеге асырған ақша-кредит саясатының қорытындысы туралы есебі мен 2025 жылға арналған монетарлық реттеу жоспарын баяндаған.

Сондай-ақ президентке Қазақстан экономикасы мен қаржы жүйесінің ахуалы, іскерлік белсенділік, инфляция факторлары, сондай-ақ бағаны тұрақтандыру және инфляция деңгейін ортамерзімді мақсатқа сәйкес 5 пайызға жеткізу үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берілген.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша инфляция Ұлттық банктің болжаған шегінде қалыптасқан, яғни 8,6% пайызды құраған. Сыртқы инфляциялық қысым күшейіп, ішкі инфляциялық тәуекелдер әлі де сақталып отыр.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Ұлттық қордың активтері, алтын-валюта резервтері және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жай-күйі жөнінде ақпаратты тыңдаған. Атап айтқанда, 2024 жылы Ұлттық қор активтерін басқарудан түскен табыс 7,5 пайызға артып, 4,5 миллиард долларды құраған. Ал Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері 45,8 миллиард долларға жетіп, 27,4 пайызға ұлғайған. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін басқарудан түскен инвестициялық табыс 3,4 триллион теңгені құраған. Ал кіріс көрсеткіші инфляциядан екі есе асып түсіп, 17,8 пайызға жеткен.

Кездесу барысында президентке валюта нарығындағы жағдай таныстырылып, теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы да баяндалған.

Бұдан бөлек, Тимур Сүлейменов банк секторындағы жағдайдың тұрақтылығы, депозиттер базасының қалыпты өсімінің жалғасуы, сондай-ақ қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары мен макропруденциялық саясаттың тиімділігін арттыру жоспары жөнінде айтқан.

Ұлттық банк төрағасы президентке Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту нәтижелері мен Антифрод-орталығының қызметін де таныстырған.

Кездесу соңында мемлекет басшысы инфляцияны тежеп, қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды екеніне назар аударған. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк пен үкімет макроэкономикалық саясатты үйлесімді жүргізуі қажет екенін атап өтіп, Ұлттық банк қызметіне қатысты бірқатар нақты тапсырма берген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/banks/2214932-toqaev-ulttyq-bank-toragasy-timur-suleimenovti-qabyldady/