Қаржы

Зектілері

Микроқаржы ұйымдары борышкерлерге күніне бір реттен артық қоңырау шала алмайтын болды

Жарияланған күні:

Читать на русском
Есеп жүргізіп отырған адам
Есеп жүргізіп отырған адам. Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Микроқаржы ұйымдарына (МҚҰ) мерзімі өткен төлемдері бар борышкерлерге күніне бір реттен артық қоңырау шалуға тыйым салынады. Бұл ереже 28 ақпанда күшіне енеді. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Қазақстанда банктер мен коллекторлық агенттіктер орындауға міндетті қатаң ережелер бар. Бұл ереже төлемін кешіктірген олардың қарыз алушыларымен өзара қарым-қатынасына да қатысты. Мысалы, кредиторлар мен коллекторлар өз борышкерлеріне күніне бір реттен артық телефон соғуға құқығы жоқ.

Дәл осындай ереже жақын арада микроқаржы ұйымдарына да қатысты болады. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өкілдерінің хабарлауынша, 28 ақпаннан бастап МҚҰ қызметкерлері мен мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушылардың өзара іс-қимыл тәртібін айқындайтын қаулы күшіне енеді.

Содан бастап МҚҰ өз борышкерлеріне жұмыс күндері сағат 9:00-ден 21:00-ге дейін бір реттен артық қоңырау шала алмайды. Сонымен қатар олар төлем мерзімін кешіктірген қарыз алушыға бұрынғыдай 20 күннен кейін емес, 10 күн ішінде хабарласа алады.

Қоңырау кезінде микроқаржы ұйымының қызметкері қарыз алушыны:

  • ұйымның атауы және оның орналасқан жері;
  • тегі, аты, әкесінің аты және МҚҰ-дағы лауазымы;
  • қарыз алушының берешегі туралы барлық ақпарат, оның ішінде төлемді кешіктіргені үшін қанша айыппұл салынғаны туралы хабардар етуге міндетті.

Сондай-ақ МҚҰ қызметкері қарыз алушыға келісімде және "Микроқаржы қызметі туралы" заңда көзделген жауапкершілік пен басқа да міндеттемелерді еске салуы керек.

Сонымен қатар МҚҰ қызметкерлеріне өзін басқа атпен таныстыруға, жұмысы туралы жалған ақпарат беруге, клиенттерді қарызы туралы жаңылыстыруға тыйым салынады.

Одан бөлек, қаулы микроқаржы ұйымдарына қарыз алушылардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін ақпаратты таратуға, сондай-ақ борышкермен байланысқа шығуға көмектесетін жағдайларды қоспағанда, мерзімі өткен берешек мәселесіне ешқандай қатысы жоқ үшінші тұлғаларға хабарласуға тыйым салады.

Ал қазақстандықтар микрокредит беру туралы келісім шартты өзгерту үшін МҚҰ-ға өтініш бере алады. Егер несие берушімен келісімге келу мүмкін болмаса, онда азаматтар микроқаржы жөніндегі омбудсменге жүгінуге құқылы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/banks/2218043-mikroqarzhy-uiymdary-tolem-merzimin-keshiktirgen-boryshkerlerine-kunine-bir-retten-artyq-qongyrau-shala-almaityn-boldy/