Қазақстанда 5 пайыздық тағы бір ипотека іске қосылды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Алматы облысында 5 пайыздық жеңілдетілген ипотека бағдарламасы басталды. Оған жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары қатыса алады. Несие беру шарттары туралы толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқи аласыздар.
Қазақстанда бірқатар өңірлік жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама бар. Мысалы, жақында біз 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін қала жастарына арналған "Алматы жастары" бағдарламасы туралы хабарлаған едік.
"Крыша" порталының жазуынша, енді Алматы облысында "Алатау" өңірлік тұрғын үй бағдарламасы іске қосылған. Жастар бағдарламаларынан айырмашылығы, оған 18 бен 60 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады.
Биыл бағдарлама аясында 120-дан астам несие беру үшін 3,2 миллиард теңге бөлінген.
"Алатау" ипотекасының шарттары қандай?
"Алатау" ипотекасының шарттары:
- жылдық мөлшерлеме – 5 пайыз;
- бастапқы жарна – 10 пайыз;
- несие сомасы – 30 миллион теңгеге дейін.
Маңызды: пәтерді тек жаңа үйден және тек Қонаев қаласынан сатып алуға болады. Бағдарламаға жеке баспанасы жоқ азаматтар қатыса алады.
"Алатау" ипотекасын кімдер рәсімдей алады?
"Алатау" жеңілдетілген бағдарламасы келесі салаларда жұмыс істейтін қазақстандықтарға арналған:
- білім беру;
- денсаулық сақтау;
- мәдениет;
- спорт;
- әлеуметтік сала;
- энергетика және коммуналдық шаруашылық;
- мемлекеттік қызмет;
- БАҚ – бұл санат 2026 жылы қосылды.
"Алатау" бағдарламасына қалай қатысуға болады?
Өтінімдер Қонаев қаласындағы "Шахнұр" бизнес-орталығында қабылданады. Қабылдау кестесі:
- дүйсенбі-жұма – сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін;
- сенбі – сағат 13:00-ге дейін.
Алдымен құжаттарды әкімдік, кейін облыстық комиссия тексереді. Содан кейін қатысушылар келесі критерийлер бойынша берілетін балдар арқылы іріктеледі:
- ресми неке үшін – 2 балл;
- кәмелетке толмаған бірінші бала үшін – 2 балл, кейінгі әр бала үшін – 1 балдан;
- еңбек өтілі (кемінде екі жыл) үшін – 2 балл, одан кейінгі әр жыл үшін тағы 1 балл;
- мемлекеттік қызмет немесе бюджеттік саладағы жұмыс үшін – 5 балл;
- әлем чемпионы немесе Азия ойындарының жеңімпазы атағы (соның ішінде паралимпиадашылар арасында) үшін – 7 балл.
Байқау жеңімпаздары "Отбасы банкке" жолдама алады. Онда азаматтардың табысы мен несие тарихы тексеріледі. Егер табыс жеткіліксіз болса, екі кепілгерді тартуға болады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/banks/2414646-qazaqstanda-5-paiyzdyq-tagy-bir-ipoteka-iske-qosyldy/
