"Қызметкерлердің 10%-ын қысқартады деп күтпеңіздер": Ломтадзе ЖИ-дің жұмыс орындарына әсері туралы айтты
Жарияланған күні:

"Kaspi қызметкерлердің 10%-ын қысқартатыны туралы мәлімдеме жасайды деп күтудің қажеті жоқ". Жасанды интеллектінің жұмыс орындарына әсері туралы сұраққа жауап берген Михаил Ломтадзе осындай пікір білдірді. Оның айтуынша, компания үшін ЖИ – ең алдымен еңбек өнімділігін арттырып, клиенттерге жаңа сервистер ұсынудың құралы.
Fintech Leaders бағдарламасына берген сұхбатында Kaspi.kz негізін қалаушылардың бірі бұл ұстанымды былай түсіндірді: "Біз онсыз да өте ықшам компаниямыз. Сондықтан Kaspi кенеттен қызметкерлердің 10%-ын қысқартатыны туралы үлкен мәлімдеме жасайды дегенді ешкім күтпеуі керек. Бұл біздің басымдығымыз да, басты назар аударатын бағытымыз да емес".
Қазір Kaspi-де шамамен 10 мың адам жұмыс істейді. Олардың 3-4 мыңы деректермен жұмыс істеу, бағдарламалық әзірлеме, өнім және дизайн бағытындағы командаларда еңбек етеді. Ломтадзе Kaspi-ді өте тиімді әрі басқару деңгейлері барынша аз компания деп сипаттады. Сондықтан оның сөзінше, мұнда "оңтайландыратын дүние жоқ".
Компания ішінде ЖИ ең алдымен еңбек өнімділігін арттыру үшін қолданылады. Алайда Kaspi басшысының пікірінше, стратегиялық тұрғыдан алғанда бұдан да маңызды мәселе бар.
"Алдағы бес-он жылға қарасақ, ЖИ пайда болған жағдайда басты мәселе компанияның қаншалықты тиімді құрылғанында ғана емес. Ең басты сұрақ – клиенттің сеніміне кім ие бола алады", - деді ол.
Ломтадзе ЖИ-көмекшіге адамға қарағандай қарауды ұсынды.
"Оны жұмысқа алу да, жұмыстан шығару да оңай. Біз компания ішінде бұл мәселені дәл осылай талқылаймыз. Егер біздің жеке ЖИ-көмекшіміз Kasper берген уәдесін орындамаса және оның кеңестерінің сапасы жоғары болмаса, клиенттер оны жұмыстан шығарады", - деді компания басшысы.
Ломтадзе Қазақстанның ЖИ саласындағы бәсекедегі артықшылықтарының бірі ретінде нарық көлемін атады: жаңа функцияны іске қосып, оны 20 млн пайдаланушыға бейімдеп, толыққанды жұмыс істейтін деңгейге жеткізу жүздеген миллион пайдаланушысы бар нарыққа қарағанда оңайырақ. Ауқымды нарықта "орасан көп қаражат жұмсап, соған қарамастан ешқандай нәтиже алмауыңыз мүмкін".
*Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттігінің банк және басқа да операцияларды және құнды қағаздар нарығында қызмет жүргізуге 2020 жылғы 03 ақпанда берген №1.2.245/61 лицензиясы.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/banks/2415516-qyzmetkerlerding-10-yn-qysqartady-dep-kutpengizder-lomtadze-zhi-ding-zhumys-oryndaryna-aseri-turaly-aitty/
