jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз

    Бұрын және қазір: баспана кезегі "Отбасы банкке" ауысқан соң не өзгерді

    Отбасы Банк
    Фото: жасанды интеллект көмегімен жасалған

    2025 жылғы 24 мамырдан бастап елімізде баспана кезегіне тұру тәртібі өзгерді. Бұған дейін тұрғын үй кезегіне қатысты жұмысты жергілікті әкімдіктер атқарса, қазір бұл іс толығымен "Отбасы банкке" жүктелді. Бұл өзгеріс халық арасында әлі күнге дейін көптеген сауал туғызады. Біреу кезектегі орны неге өзгеріп кеткенін түсінбесе, енді бірі баспана кезегіне тұру үшін қайда жүгінерін білмеуі мүмкін. Осы сұрақтарға жауап беріп, жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтінін егжей-тегжейлі түсіндіріп көрейік.

    Былтыр мамырға дейін тұрғын үй кезегін жүргізу мен баспана бөлу міндеті жергілікті әкімдіктердің құзырында еді. Ол кезде кезекке тек әлеуметтік осал топ өкілдері ғана тұра алатын. Мысалы көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектігі бар адамдар, мемлекеттік қызметшілер және басқа да азаматтар өз санаттары бойынша бөлек-бөлек тіркеліп, реттік нөмірі соған сай берілетін.

    Бүгінде жүйе өзгерді. "Отбасы банкі" ұлттық даму институтына айналып, тұрғын үй кезегін басқаруды қолға алды. Енді соңғы бес жылда атында үйі болмаған кез келген қазақстандық кезекке тұра алады. Ал тізімдер санатқа бөлінбей, бірыңғай жүйеге біріктірілді. Сондықтан "жаңа жүйе енгізілді, енді қайтадан кезекке тұру керек" немесе "менің реттік нөмірім өзгергендіктен кезегім артқа жылжып кетті" деген пікірлер дұрыс емес. Себебі тұрғын үй кезегін бөлу кезінде адамның реттік нөмірі емес, кезекке тұрған жылы ескеріледі.

    Өзгерістерге дейін қазақстандықтар есепке тұру үшін құжат жинап, тұрғылықты жері бойынша әкімдікке жүгінетін. Қазір өтінішті "Отбасы банкінің" orken.otbasybank.kz порталы арқылы онлайн беруге болады. Жаңа талаптарға сәйкес, кезекке тұру үшін үміткер Қазақстанның азаматы немесе қандас болуға тиіс, соңғы бес жылда өзінде, отбасы мүшелерінде тұрғын үй болмауы керек немесе жалғыз үйінің қауіпті деп танылуы қажет, сондай-ақ тұрақты тіркеуі болуы шарт.

    Бұл ретте "енді бәрі бір кезекпен үй алады" деген түсінік қалыптаспауы керек. Заң бойынша ҰОС ардагерлеріне, оларға теңестірілген ардагерлерге, басқа мемлекеттердің аумағындағы жауынгерлік іс-қимыл ардагерлеріне, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, жесірлерге (жесір ерлерге) көпбалалы отбасыларға және жетім балаларға басымдық беріледі. Оларға мемлекеттік баспананың 70 пайызы бөлінеді. Баспанаға мұқтаж жандардың кезекке тұру мүмкіндігі кеңейгенімен, тұрғын үйді бөлу кезінде басым санатқа кіретін азаматтар пәтерді ертерек алады.

    Өтініш берушінің мәртебесін объективті бағалау үшін жүйе 14 мемлекеттік деректер базасына қосылған. Ол жылжымайтын мүліктің болуын ғана емес, отбасылық жағдайын, әлеуметтік санатын және табыс деңгейін де тексереді. Осы деректер негізінде "Отбасы банкі" кезекте тұрған адамның цифрлық портретін жасап, тиісті мемлекеттік қолдау шараларын ұсынады.

    Жаңа цифрлық платформа бұрынғы қағазбастылықтың орнын басты. Жүйе пәтер бөлу процесін ашық етеді, құжаттарды автоматты түрде тексереді және адами факторды жойып, сыбайлас жемқорлық пен қателіктерге жол бермейді.

    Жалға берілетін тұрғын үйге кезегі келген азаматтарға банк 1414 нөмірінен SMS жібереді. Хабарлама алған адам бөлінген пәтермен танысып, түгендеуден (инвентаризациядан) өтеді. Қарапайым тілмен айтқанда, түгендеу дегеніміз – кезекте тұрған азаматтың дәл қазіргі жағдайын қайта тексеру. Өйткені өтініш беруші тұрғын үйді алу үшін ондаған жыл бойы кезекте тұруы мүмкін. Осы уақыт ішінде оның тұрмыстық жағдайы өзгеруі ықтимал. Мәселен бұл аралықта үй сатып алу немесе отбасы құру сияқты өзгерістер орын алуы мүмкін. Сондықтан тұрғын үй кезегі келген кезде азаматтың сол уақыттағы жағдайы ескеріледі.

    Айта кету керек, түгендеуден өтпеген адам кезектен шығарылмайды. Бірақ ол жеке мәліметтердің өңделуіне келісім бермесе, тұрғын үй бөлу процесіне қатыса алмайды. Тексерістен өтпеген адам күту тізіміндегі төменгі орынға түсіп, осылайша кезек жылжиды.

    Жақында заң өзгеріп, "Отбасы банк" кезекте тұрған азаматтардың жеке келісімінсіз-ақ мәліметтерді түгендей алады. Бұған дейін есепте тұрғандардың бәрі деректерін өңдеуге келісім бермегендіктен, банк олардың отбасы құрамы мен атында үйі бар-жоғын тексере алмайтын еді. Енді мұндай мәліметтер автоматты түрде жаңартылып отырады. Бұл өзгеріс тұрғын үй кезегін қысқартып, шынымен баспанаға мұқтаж азаматтарға пәтер алуға мүмкіндік береді.

    Ал ауыл тұрғындары үшін жалға берілетін тұрғын үй автоматты түрде бөлінбейді. Тәртіпке сәйкес, кезекте тұрған ауыл азаматы өз ауданындағы қолжетімді нұсқалардың ішінен өзіне сәйкес келетін баспананы таңдап, "Баспана маркет" порталы арқылы ЭЦК көмегімен өтінім беру қажет.

    Тұрғын үй кезегіне тұру мемлекеттен тегін баспана алу деген сөз емес. Банк кезектегі азаматтың деректеріне сүйене отырып, оның әлеуметтік санатына, отбасы табысына қарай тұрғын үй мәселесін шешу жолын ұсынады. Атап айтқанда, жалға берілетін пәтердің ай сайынғы төлемінің 50 пайызын субсидиялау, жалдамалы баспана беру (мерзімсіз немесе сатып алу құқығымен), сондай-ақ 2 пайыздан 9 пайызға дейінгі мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотека ұсыну сияқты қолдау түрлері қарастырылған.

    Баспана кезегі "Отбасы банкінің" құзыретіне өткеннен кейін әкімдіктердің жұмысы тоқтаған жоқ. Олар тұрғын үй салуды әрі қарай да жалғастыруда. Яғни азаматтарға ұсынылатын баспана қорын әкімдіктер қалыптастырады. Содан кейін "Отбасы банкі" осы дайын үйлерге кезегі келген азаматтарды анықтайды. Сондықтан баспананы уақытылы пайдалануға беру және оның сапасын қамтамасыз ету банктің міндетіне жатпайды.

    Тұрғын үй мәселесі – әлеуметтік мемлекет үшін қашан да өзекті түйткілдердің бірі. Жылдан-жылға үй кезегіне қосылатын азаматтардың қатары артып келеді. Ал жоғарыда аталған шаралардың бәрі – баспанаға мұқтаж жандардың өз шаңырақтарына қол жеткізуін жеделдетіп, тұрғын үйді бөлу процесін ашық әрі әділ етуге бағытталған.

    *Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 15 шілде №1.1.972.134 банк заңнамасында көзделген банктік және өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензиясы.

    Бұрын және қазір: баспана кезегі "Отбасы банкке" ауысқан соң не өзгерді

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram