jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Эльмира Асқарқызы
    Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    Қазақстанда 64 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінен шығарылды: мән-жайы белгілі болды

    Тұрғын үй кілті
    Кілт ұстап тұрған адам. Көрнекі фото: pexels.com

    "Отбасы банк" басқарма төрағасының орынбасары Жансұлтан Матай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мемлекеттік тұрғын үй кезегі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

    Жансұлтан Матай 2026 жылы "Отбасы банкке" тұрғын үй кезегінде тұрғандарға баспана бөлу функциясы берілгенін еске салды.

    "Бүгінгі таңда 10 мыңнан астам несие және 19 мыңнан астам жалға берілетін тұрғын үй берілді. Осылайша 29 мыңнан астам адам баспана алғандықтан кезектен шығарылды. Сондай-ақ соңғы бір жыл ішінде кезекте тұрғандар тізімін түгендеу аясында 64 894 адам кезектен алынды. Оның ішінде мемлекеттік қолдау шараларын алғандар да бар", - деді ол.

    Оның айтуынша, "Отбасы банкке" кезекте тұрған адамдар туралы мәліметтерді олардың келісімінсіз өзектендіруге рұқсат берілгендіктен, бұл жұмыс күшейе түспек.

    "Біз кезекте тұрғандардың 30-40 пайызы расында мұқтаж емес деп есептейміз. Былтыр қазаннан бастап біз кезекте тұрған адамдарға баспана алу үшін базадағы ақпаратты жаңарту, яғни түгендеуден өту қажет екенін айтып келеміз. Алайда адамдардың жартысынан көбі бұған асығар емес.

    Бұл неден хабар береді? Деректерді өңдеуге келісім бермегендердің кезекте тұруға негізі жоқ болуы мүмкін екенін білдіреді. Бұрын біз бұл жұмысты белсенді жүргізе алмадық, өйткені дербес деректерді өңдеуге келісім талап етілетін.

    Қазір бізге Ұлттық даму институты ретінде адамның келісімінсіз түгендеу жүргізуге рұқсат берілді. Біз бұл жұмысты жалғастырамыз. Біз ондай адамдарды анықтаймыз және оларға қатысты тиісті шаралар қабылданады", - деді ол.

    Оның айтуынша, әкімдіктер тұрғын үй кезегінде тұрған 642 мың адамның тізімін берген.

    Қазақстанда 64 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінен шығарылды: мән-жайы белгілі болды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram