Қазақстандықтар жалған инвестициядан жоғары табыс ұсынатындарға қалай алданады
Жарияланған күні:

Әлеуметтік желіде ірі әрі танымал компаниялардың атынан тез арада инвестициялық табыс табуды ұсынатын тартымды жарнамаларды талай мәрте көрген боларсыз? Азаматтар оларға сеніп, өз ақшасынан айырылғаннан кейін мұндай жарнамалардың артында алаяқтар тұрғаны анықталып жатады. NUR.KZ тілшісі бұл схеманың қалай жұмыс істейтінін және алданып қалмау үшін не істеу керегін анықтап көрді.
Инвестициялық алаяқтықтың басты тұзағы – жоғары табысты уәде ету. Ол әлеуметтік желідегі таргетинг жарнамадан басталады. Stop-piramida.kz жобасының негізін қалаушы Юрий Лидің айтуынша, инвестиция саласындағы қаржылық алаяқтық тек Қазақстанда емес, шетелде де кең тараған.
"Схема өте қарапайым көрінеді. Әдетте әлеуметтік желіде белгілі брендтер мен әр түрлі компаниялардың атынан жарнама шығады. Ең бастысы, алаяқтар жасанды интеллекті белсенді пайдалана бастады. Олар бизнесмендер мен мемлекеттік қызметшілердің келбетін қолдан жасайды. Мұндай алаяқтықтың басты белгісі — тұрақты немесе жылдам табыс табу уәдесі", - деп түсіндірді сарапшы.
Жарнамаларда "ҚазМұнайГаз", "Роснефть", "Қазатомөнеркәсіп", "Фридом Академия" және басқа да көптеген компанияның атаулары кездесуі мүмкін. Шын мәнінде бұл ұйымдардың мұндай ұсыныстарға еш қатысы жоқ.
Өз сөздеріне сендіру үшін алаяқтар жалған сарапшыларды немесе танымал тұлғаларды пайдаланады. Олар нейрожелілердің көмегімен адамдардың бет-әлпеті мен дауысын айнытпай салып, кеңес беретін фейк бейнеүндеулер дайындайды.
Алдау тәсілдері әр түрлі болуы мүмкін. Алаяқтардың бірі адамға брокерлік қызметтер мен акциялар сатып алуды ұсынса, енді бірі криптовалютадан табыс табуға шақырады. Сондай-ақ жаңа салымшыларды тарту, жоқ ICO-ларға, стартаптарға немесе инвестициялық қорларға ақша салу да ұсынылуы мүмкін.
Сілтеме арқылы өткеннен кейін жәбірленушіге платформада тіркелу ұсынылады. Кейбір жағдайларда сайттың адресі танымал компанияның атауына әдейі ұқсас етіп жасалады. Ал ресурстың өзінде сол компанияның логотипі болуы мүмкін.
Тіркелгеннен кейін азаматқа әдетте әп-сәтте "жеке менеджер" хабарласады. Ол өзін маман ретінде таныстырып, тиімді стратегия таңдап беруге уәде береді. Менеджер нұсқаулық жүргізеді, болашақ "инвесторға" жеке кабинет ашады және белгілі бір соманы аударуды сұрайды. Алғашқыда бәрі сенімді көрінеді. Себебі ақша жеке кабинетте "көрініп тұрады", ал табыс сомасы "өсіп жатады".
Алаяқтардың басты мақсаты — адамға ақпаратты тексеруге уақыт бермей, оны одан да үлкен соманы аударуға көндіру. Олар шешімді дереу қабылдауды талап етеді. Шектен тыс пайда табатынымен қызықтырып, ертең-ақ салған ақша 3 немесе 5 есе өседі деп уәде береді. Салдарынан алданған адамдар тез арада байып кетуді көздеп, өз жиған-тергенінен айырылады, қарызға батып, несие алады.
"Бұл құрылымдар криптовалюта жүйесі арқылы жұмысын жүргізеді. Сонымен қатар мұнда дроперлер, яғни банктік шоты бар жеке тұлғалар өте жиі тартылады. Оларға транзакциядан белгілі бір пайыздар уәде етіледі. Адамдар инвестиция бойынша оқудан өту туралы жарнамаға өтіп, салдарынан бір ай ішінде 30 мың долларға жуық ақшасынан айырылған жағдайлар да болды. Оларға жеке кабинетте белсенді мәмілелер мен табыс көрініп тұрады. Бірақ шын мәнінде олардың ақшасы қолды болған. Соған қарамастан, адамдар ақшаны қолма-қол шешіп аламын деп сенеді. Ал алаяқтар оларды көбірек табыс табу үшін тағы да ақша салуға көндіреді", - деп түсіндірді Юрий Ли.
Адам тапқан "дивидендтерін" алуды ұйғарғанда, оған алдымен комиссия, салық, сақтандыру немесе басқа да төлем төлеу керектігі айтылады. Егер жәбірленуші бұдан бас тартса немесе ыңғайсыз сұрақтар қоя бастаса, оны бұғаттап тастайды. Салдарынан ол қаражатты шеше алмайды және "қаржылық консультантпен" де байланыса алмай қалады.
Юрий Лидің айтуынша, адамдардың жалған брокерлердің уәделеріне бірнеше ай бойы сеніп, миллиондаған соманы жіберіп отырған кездері де болған.
Мұндай схеманың құрбаны болмау үшін қауіпсіздік шараларын сақтау маңызды. Ең алдымен, инвестиция ұсынып отырған ұйымды тексеру қажет. Оның іс жүзінде бар-жоғын, тиісті лицензиясының болуын және көрсетілген қаржылық қызметтерді көрсетуге құқылы екенін анықтау керек. Мұны Қазақстан қор биржасы (KASE) мен AIX Халықаралық биржасы сияқты ресми ресурстардан тексеруге болады. Юрий Ли компанияны тексере алмаған жағдайда мүлдем ақша салмауға кеңес береді.
Әлеуметтік желідегі жарнамалық хабарландырулар немесе бейтаныс адамдар жіберген күмәнді сілтемелер арқылы инвестициялауға көшпеген жөн. Инвестициядан табыс тапқысы келетін адам бұл тақырыпты тереңірек зерттеуі керек. Нағыз инвестиция әрқашан тәуекелмен байланысты екенін білген маңызды. Сол себепті кепілдік берілген табыс пен оның тым үлкен сомасы күмән тудыруға тиіс.
"Егер азамат инвестициямен айналысқысы келсе, алдымен оқып-үйреніп, шағын сомалардан бастауы керек. Ол білімін шыңдай бастағанда, бәрі оңай еместігін және әр табыс жылдар бойы еңбекпен табылатынын түсінеді", — деп қосты сарапшы.
Егер сіз алаяқтардың құрығына түсіп қалсаңыз және сөйлесіп отырған адам ақшаны дәл қазір аударуды талап етсе, әңгімені тоқтату қажет. Ал егер ақшаны белгісіз шотқа аударып қойған болсаңыз, әрине, полицияға жүгіну керек. Бұл туралы QazTech Альянсы ақпараттық қауіпсіздік комитетінің тең төрағасы Евгений Питолин мәлімдеді.
"Ақшаны алаяқтарға аударып қойған болсаңыз, ең алдымен өз шоттарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Құпия сөздерді өзгертіп, алаяқтарға қандай жеке және банктік деректерді айтып қойғаныңызды тексеріңіз. Сосын ақшаңыз бен шотыңыз бар банктерге хабарласыңыз. Қажет болса, шоттарды бұғаттау керек.
Сондай-ақ міндетті түрде полицияға жүгініп, алаяқтық фактісін тіркеу қажет. Жағдайды егжей-тегжейлі сипаттап, қандай деректер мен ақша берілгенін бүкпесіз айтып берген абзал. Бұл тергеудің жылдам өтуіне көмектеседі әрі, ең маңыздысы, басқа адамдардың да осындай схемаға түсіп қалмауының алдын алады", - деп қорытындылады Евгений Питолин.
Мақала Freedom Банкінің қолдауымен әзірленген.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/banks/2435158-qazaqstandyqtar-zhalgan-investitsiiadan-zhogary-tabys-usynatyndarga-qalai-aldanady/
