Нұрбанк қолдауына ие болған бизнес балалар футболын қалай дамытып жатыр
Жарияланған күні:

Кәсіпкер, JEYRAN футбол мектебінің директоры Асхат Машанов өз ұжымымен бірге футбол мектебінің бірегей моделін құрды. Бүгінде бұл мектеп 1700-ге жуық жас спортшыны біріктіріп отыр. Биыл Нұрбанктің қолдауына ие болған Машанов Алматы облысындағы спорттық базаны ары қарай дамытуға мүмкіндік алды.
Балалар спорты — бұл тек физикалық белсенділік емес. Бала үшін спорт тәртіптің, жауапкершіліктің және командада жұмыс істеу дағдыларының мектебіне айналады. Дәл осы жерде бала жеңіс пен жеңілісті қабылдауды үйренеді. Ол бапкердің сөзін тыңдауға, командаластарының пікірімен санасуға дағдыланады. Сонымен қатар алдына мақсат қойып, оған жетуді үйренеді. Алайда спорт расымен мұндай рөлді атқаруы үшін қолжетімді алаңдар, білікті мамандар мен баланы спортпен шұғылдануға ынталандыратын жағдайлар қажет.
Сүйікті іс миссияға айналғанда
Асхат спорт мектебін құруға әртүрлі бағытта бірнеше жыл жұмыс істегеннен кейін келді.
"Бір күні, шамамен 10 жыл бұрын, сүйікті әрі қоғамға пайдалы іспен айналысатын уақыт келді деп шештім. Бизнестің түрлі бағыттарына ден қойып жүрген кезім. Десе де, жүрегім қаламайтын іспен айналысып жүргенімді түсінетінмін. Футбол десе, ішкен асымды жерге қоятын жанмын, сондықтан JEYRAN деп аталатын футбол мектебін ашуға шешім қабылдадым", — деп есіне алды Асхат.
Жоба 2016 жылы қолға алынды. Кәсіпкерге өз ұжымымен бірге жұмыстың бәрін жаңадан бастауға тура келді. Асхаттың айтуынша, байқап көруге арналған алғашқы жаттығуға бар болғаны тоғыз бала келген. Кейін фотосессия өтті, Instagram-да алғашқы жазба жарияланды...
"Иә, қобалжыдық, себебі командамызбен бірге жаңа іс бастаған едік. Сол сәтте жаныма жақын іспен айналыса бастағанымды сездім", — дейді кәсіпкер.
Алғашқы жылдар оңай болған жоқ. Жоба мүлде табыс әкелмеді десе болады, кейде шығын кірістен де асып түсіп отырды.
"Басты мәселелеріміздің бірі — мектептің бапкерлерге тәуелділігі болды. Маманның кетуі балалардың бір бөлігінің де кетуіне әкелуі мүмкін еді. Оның үстіне, бастапқыда қаржылық модельді пысықтауға жеткілікті көңіл бөлмедік. Дегенмен дәл осы кезең біз үшін кәсіпкерліктің маңызды мектебіне айналды", — дейді Асхат.
Он жыл ішінде Асхат пен оның ұжымының үйлесімді жұмысының арқасында бұл шағын бастама үлкен жүйеге айналды. Бүгінде мұнда 1700-ден астам оқушы спортпен шұғылданады. Маусымға байланысты мектеп Алматы қаласының әртүрлі аудандарында 15- 18 алаңды жалға алады. Сонымен қатар жеке база құру мақсатында 2024 жылы Алматы облысының Райымбек ауылынан жер телімі сатып алынды. Аумақта киім ауыстыратын орындар, душ бөлмелері мен медициналық кабинеттер орналасқан ғимараттар салынды.
"Бұл — біз үшін балаларымыздың қалыпты жағдайда тұрақты жаттығуына мүмкіндік беретін орын құру мүмкіндігі. Нұрбанктің қаржыландыруының арқасында биыл айтарлықтай алға жылжыдық. Өлшемі 65 х 55 метрлік алаңның құрылысын аяқтадық. Кешеніміздің бірінші қабатын жөндеп, 11 х 11 метрлік алаң бойынша жұмыстарды бастадық", — дейді Асхат.
JEYRAN — дайындықтың бірегей әдістемесі
Мектеп бапкерлер құрамын даярлауға ерекше көңіл бөледі. Қазір мұнда спорт бағытында 35 маман жұмыс істейді. Олардың қатарында спорт директоры, координаторлар мен бапкерлер бар. Тағы 10 адам — сату, маркетинг, алаңдармен жұмыс, бухгалтерия, тұрақты клиенттерді қолдау және турнирлерді ұйымдастыру мамандары — кеңсе ұжымы қатарына кіреді.
"Біз бапкерлердің біліктілігін тұрақты түрде арттырып отырамыз. Бапкер баламен көп уақыт өткізеді, сондықтан ол тек футбол маманы болумен шектелмеуі керек. Ол бала психологиясын түсінуі, ата-аналармен байланыста болуы қажет. Сонымен бірге бапкер алғашқы медициналық көмек көрсетуді білуге тиіс. Қызықты әрі әдістемелік тұрғыдан дұрыс жаттығу өткізудің маңызы өз алдына", — дейді Асхат.
Кәсіпкер бапкерлерді, сондай-ақ оқушыларды авторлық даярлау жүйесі мектептің басты ерекшеліктерінің бірі екенін сөз етті.
Халықаралық турнирлерге қатысу
Мектеп тәрбиеленушілері жарыстарға белсенді түрде қатысады. Алматыда олар қалалық турнирлерде, КФЛ (Кәсіпқой футбол лигасы) және БЖФЛ (Балалар мен жасөспірімдер футбол лигасы) турнирлерінде өнер көрсетеді. Ал мектептің өзі "Төзімділік" деп аталатын өз лигасын дамытып келеді. Бұдан бөлек, командалар Қазақстан бойынша және шетелде өтетін кубоктық турнирлер мен оқу-жаттығу жиындарына барады. Шетелдік сапарлар географиясына Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей мен Қытай кіреді.
Жобаны дамытудағы серіктес ретіндегі Нұрбанк
"Серіктестерімнің бірі — Нұрбанк филиалының менеджментімен жұмыс істеу маған өте ыңғайлы. Мұнда тек кәсібилік қана емес, сонымен бірге адами қарым-қатынас пен клиентке көмектесуге деген ұмтылыс сезіледі. Кәсіпкер үшін бұл өте маңызды", — дейді Асхат.
Бизнесменнің айтуынша, банктік қаржыландыру нысанның дамуын жылдамдатуға және қажетті жұмыстарды орындауға мүмкіндік берді.
"Мен кәсіпкерлерді қолдау құралдарын ары қарай да пайдалануды жоспарлап отырмын. Бизнесті дамыту үшін түсінікті әрі тиімді қаржыландыру бағдарламаларына қол жеткізу маңызды", — деп атап өтті Асхат.
Тағы бір мәселе — суық мезгілдегі жаттығулар. Өйткені бұл уақытта балаларға жылы спорт залдары қажет. Сол себепті JEYRAN мектебінің негізін қалаушы жеке базаны ары қарай дамытуды спорт залдарының, сондай-ақ дарынды балалар мен сырттан келетін командаларға арналған қонақүй-интернаттың құрылысымен байланыстырып отыр. Болашақта Асхат осы бағытты дамыту үшін Нұрбанкпен ынтымақтастықты жалғастыруды көздеп отыр.
100 бапкер және 10 мың мықты тұлға
Асхат алдына бизнес көрсеткіштерінен әлдеқайда ауқымды мақсат қойып отыр. Кәсіпкер он жыл ішінде өз әдістемесі бойынша 100 бапкер даярлауды жоспарлауда. Асхаттың жоспарына сәйкес, бұл бапкерлердің әрқайсысы кейінгі он жылда кемінде 100 баланы баулып шығуға тиіс.
"Ұжымым жағынан жолым болды. Айналамда өз ісіне берілген адамдар жұмыс істейді. Мен мұны жобаның ең үлкен жетістіктерінің бірі деп санаймын және мақсаттарыма жететініме сенімдімін", — дейді Асхат.
JEYRAN футбол мектебінің тарихы — дұрыс қадамдар жасалған жағдайда, оң әлеуметтік әсер кәсіпкерлік модельдің бөлшегіне айнала алатынының жарқын үлгісі. Футбол мектебі бір мезгілде спорттық инфрақұрылымды дамытады, жұмыс орындарын құрады, бапкерлердің кәсіби қауымдастығын қалыптастырады және балаларға спортпен шұғылдануға мүмкіндік береді. Ал қаржы институттарының, соның ішінде Нұрбанктің қолдауы кәсіпкерге бір мақсаттан екінші мақсатқа өтуге - жалға алынған бір алаң мен тоғыз оқушыдан, жеке спорт базасы мен екі мыңға жуық шәкіртке дейінгі деңгейге жетуге жол ашады.
*Банктік және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған № 1.1.849/146 лицензиясы (Әмбебап банктік лицензия) 17.08.2026 жылы ҚР ҚНРДА тарапынан берілген.
**Бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға арналған № 1.2.15/193 лицензиясы 03.02.2020 жылы ҚР ҚНРДА тарапынан берілген.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/banks/2435170-nurbank-qoldauyna-ie-bolgan-biznes-balalar-futbolyn-qalai-damytyp-zhatyr/
