jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз

    Қолжетімді баспана: тұрғын үй саясатына қатысты зерттеу нәтижесі не көрсетті

    Отбасы банк
    Фото: Отбасы банк

    "Отбасы банк" Ұлттық даму институты мәртебесін алғалы бері тұрғын үй кезегінде тұрған 34 мыңнан астам қазақстандық қоныс тойын тойлады. Осы аралықта тұрғын үй кезегіне қою мен баспана бөлу тәртібі цифрландырылып, азаматтар үшін ашық әрі ыңғайлы жүйе қалыптасты. Бірақ баспанаға қол жеткізу – мәселенің толық шешілгенін білдіре ме? Осы сауалдың төңірегінде жүргізілген соңғы зерттеу нәтижелері салада әлі де шешімін таппаған мәселелердің бар екенін көрсетті.

    Астанада өткен "Қазақстандағы қолжетімді тұрғын үй: зерттеу нәтижелері және сектораралық диалог" конференциясында қатысушылар тұрғын үймен қолдау алуға қолжетімділікті жақсарту жолдарын және қолдау алушылар кездесетін мәселелерді шешу тетіктерін талқылады. Конференцияға Қазақстандағы Еуропалық одақ делегациясының, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, "Отбасы банк" АҚ, құрылыс саласының және азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдері қатысты.

    Іс-шарада Еуропалық одақ қаржыландыратын "Shanyraq" жобасы аясында жүргізілген әлеуметтік тұрғын үй саясатына қатысты зерттеу нәтижелері таныстырылды. Зерттеу 99 сұхбатқа, еліміздің 10 қаласында өткен 10 фокус-топқа, 83 мекенжай бойынша жүргізілген тексеруге және тұрғын үй саласындағы нормативтік құжаттарды талдауға негізделген.

    Айта кету керек, зерттеу нәтижелері қатысушылардың жеке тәжірибесін көрсетеді және тұрғын үймен қолдау алушылардың барлығын қамтитын статистикалық тұрғыдан репрезентативті деректер болып саналмайды.

    Зерттеу қорытындысы көрсеткендей, баспаналы болған отбасылардың өмірінде оң өзгерістер көп. Мәселен, зерттеуге қатысқан азаматтардың кейбірі мәжбүрлі түрде қоныс аудару жағдайларының азайғанын және жеке тұрғын үй жалға берушілеріне тәуелділіктің төмендегенін айтқан. Басқа қатысушылар баспанаға байланысты тұрақты шығындардың азайғанын, соның нәтижесінде тамақтануға, денсаулық сақтауға және білім алуға көбірек қаражат бөлу мүмкіндігі пайда болғанын жеткізді.

    Дегенмен мемлекеттік бағдарламалардың оң әсерімен қатар, зерттеу барысында шешімін қажет ететін мәселелер де анықталған. Мәселен, мүгедектігі бар адамдар инфрақұрылымның қолжетімсіздігі, тиісті жағдайдың қарастырылмауы сияқты түйткілді сұрақтарды жиі көтереді.

    Орталық Азияның Еуразия қорының директоры Ренад Темірбековтің айтуынша, бұл зерттеудің басты артықшылығы – әлеуметтік саясатқа тек цифрлар арқылы емес, нақты адамның тағдыры арқылы қарауға мүмкіндік бергенінде.

    Отбасы банк
    Фото: Отбасы банк

    "Біздің басты құндылығымыз – адам. Мемлекет беретін үйдің сапасы мен оның шынайы қолайлығы өзекті мәселе. Мәселен, ерекше қажеттілігі бар азаматқа жай ғана бірінші қабаттан пәтер бере салу жеткіліксіз. Егер аулада пандус болмаса, баспалдақтар биік болып, арнайы көтергіштер жиі бұзылып тұрса, ол үй адамның күнделікті тұрмысын жеңілдете алмайды. Бұл жерде берілетін баспананың саны емес, адамдардың жайлы әрі қауіпсіз ортада өмір сүруі бірінші орында тұруы керек", - деп атап өтті ол.

    Жиында "Отбасы банк" АҚ Бірінші тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығының директоры Азат Ашимов кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтудың жаңа тәртібін түсіндіріп берді.

    2025 жылғы 24 мамырдан бастап елімізде тұрғын үй кезегіне қатысты жұмыс толығымен "Отбасы банкке" тапсырылды. Бұл аралықта банк баспанаға мұқтаж жандардың өз шаңырақтарына қол жеткізуін жеделдетіп, тұрғын үйді бөлу процесін ашық әрі әділ етуге бағытталған жүйелі жұмыстар атқаруда.

    Азат Ашимовтың сөзінше, өтініш берушінің мәртебесін объективті бағалау үшін жүйе 14 мемлекеттік деректер базасына қосылған. Ол жылжымайтын мүліктің болуын ғана емес, азаматтың отбасылық жағдайын, әлеуметтік санатын және табыс деңгейін де тексереді. Осы деректер негізінде "Отбасы банкі" кезекте тұрған адамның цифрлық портретін жасап, тиісті мемлекеттік қолдау шараларын ұсынады. Атап айтқанда, жалға берілетін пәтердің ай сайынғы төлемінің 50 пайызын субсидиялау, жалдамалы баспана беру (мерзімсіз немесе сатып алу құқығымен), сондай-ақ 2 пайыздан 9 пайызға дейінгі мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотека ұсыну сияқты қолдау түрлері қарастырылған.

    "Жаңа цифрлық платформа бұрынғы қағазбастылықтың орнын басты. Жүйе пәтер бөлу процесін ашық етеді, құжаттарды автоматты түрде тексереді және адами факторды жойып, сыбайлас жемқорлық пен қателіктерге жол бермейді", - деді банк өкілі.

    Сонымен қатар, Азат Ашимов жүйені жетілдіру мақсатында жергілікті әкімдіктерге арналған жаңа цифрлық құрал әзірленіп жатқанын айтты.

    "Бұл жүйе әкімдіктерге кезекте тұрған халықтың нақты қажеттілігін алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Өңірде мүмкіндігі шектеулі жандар көп болса, жергілікті билік бірінші қабаттағы пәтерлер санын көбейтіп, кең дәліздер мен пандустарды қарастыруы керек. Сонымен қатар пәтер ішінде арбамен еркін қозғалуға кедергі болатын табалдырықтар болмауы да жоспарланады", - деді ол.

    Зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, авторлар тұрғын үймен қолдау алу үдерісінің барлық кезеңін, яғни алғашқы кеңестен бастап жаңа тұрғын үйге көшкеннен кейінгі өмірге дейін қамтитын негізгі ұсынымдарды таныстырды. Келесі кезеңде бұл ұсынымдар мемлекеттік органдармен, құрылыс кәсіпорындарымен және сарапшылар қауымдастығымен талқыланады.

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram