Қаржы

Зектілері

Смайылов Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 5 пайызға дейін өскенін мәлімдеді

Жарияланған күні:

Әлихан Смайылов
Әлихан Смайылов. Фото: t.me/aqorda_resmi

Премьер-министр Әлихан Смайылов еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте экономикалық көрсеткіштердің өсімі туралы айтты, деп хабарлайды үкімет Telegram-дағы ресми арнасында.

Премьер-министр кеңесте Қазақстан экономикасының өсуі биыл I тоқсанда 4,9 пайызды құрағанын мәлімдеді.

Үкімет басшысының айтуынша, бүгінгі таңда ұлттық экономика қолайсыз сыртқы жағдайларға бейімделе отырып, орнықты өсу жолына шығып отыр.

Мысалы, сыртқы күрделі ахуалға қарамастан 2022 жылы экономикамыздың нақты өсуі 3,2 пайызды құраған.

  • Елімізге 28 млрд доллар тікелей шетелдік инвестициялар тартылып, 18 пайыз өсім қамтамасыз етілген.
  • Негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлемі 8 пайызға ұлғайған.
  • Сыртқы сауда айналымы 32 пайызға өсіп, 134 млрд доллар болған.

Сондай-ақ жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 27 пайызға артып, 1,8 млн-нан асқан. Осы секторда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 13 пайызға өсіп, 3,9 млн адамға жеткен.

Нәтижесінде экономикадағы ШОБ үлесі қазірдің өзінде 36 пайызды құраған (бір жыл бұрын 33,5 пайыз болған).

Үкімет басшысы биыл қабылданған шаралар экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Мәселен, қаңтар-наурыз айларында ЖІӨ-нің нақты өсімі 4,9 пайызды құраған.

Оның сөзінше, барлық негізгі бағыттар бойынша оң динамика қалыптасып отыр:

  • құрылыста – 16 пайыз;
  • саудада – 12 пайыз;
  • көлік саласында – 8 пайыз;
  • өңдеу өнеркәсібінде – 5,4 пайыз өсім тіркелген.

Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлемі үш айда 16 пайызға, ал мемлекеттік бюджет кірісі 24 пайызға артқан.

Бұл өз кезегінде, ағымдағы жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде әлеуметтік төлемдерге, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын, нақты сектор мен инфрақұрылымды дамытуға қосымша 2,2 трлн теңге бөлуге мүмкіндік берген.

Бұдан бөлек, Қазақстанның халықаралық резервтері 94 млрд долларды құраған. Атап айтқанда, өткен жылдың басынан бері Ұлттық қордың активтері 3 млрд долларға өсіп, 58 млрд долларға жеткен.

Премьер-министр халықаралық рейтингтік агенттіктер Қазақстанның инвестициялық рейтингін сенімділік деңгейінде растағанын, ал Standard&Poor's агенттігі биылғы наурыз айында экономикамызға қатысты өз болжамын жақсартқанын да айта кетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2017350-smaiylov-qazaqstannyn-zalpy-iski-onimi-samamen-5-paiyzga-oskenin-malimdedi/