jitsu gif
Қаржы

    БҚО-ның инвестициялық әлеуеті компаниялардың қызығушылығын арттырып отыр

    Орал
    Фото: БҚО әкімдігі

    Жайық өңірі елдің батыс қақпасында орналасқандықтан оның халықаралық сауда және логистикалық әлеуеті зор. Бұл мүмкіндік аймақтың экономикасына тікелей оң әсер етіп отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    Батыс Қазақстан облысында өнеркәсіп саласының өрісі кеңейіп келеді. Биыл қаңтар-қыркүйек айлары аралығында өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2,6 трлн теңгеге жетті. Жер қойнауын пайдалануда ғана емес, сумен қамтамасыз ету, қалдықтарды жинау, жою және өңдеу жұмыстарында да серпін бар. Бұл бағыттағы жалпы өсім көрсеткіші 27,7 пайызды құрап отыр. ҚПО б.в. сияқты ірі мұнай-газ компаниялары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жасыл технологияның қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосып жатыр. Кәсіпорындар былтыр 56 мың текше метр сарқын суды тазалады. Сонымен қатар 519 тонна құрылыс материалдарының қалдықтары мен 100 мың тоннадан астам өзге де қоқысты қайта өңдеді.

    Орал
    Фото: БҚО әкімдігі

    Қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу бағытында тағы бір іргелі жоба жүзеге асырылды. Республика күні қарсаңында Ақсай қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу кешені іске қосылып отыр. Маңызды жоба жеке инвестиция арқылы қолға алынды. Онда жыл сайын кемінде 5 мың тонна қалдықты өңдеуге мүмкіндік қарастырылған. Былтыр облыста "Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциясы нәтижесінде тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта кәдеге жарату үлесі 18,6 пайызға жетті.

    Облыстың өндірістік әлеуетіне инвесторлардың қызығушылығы жоғары. Жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 437 млрд теңге болды. Алғашқы жартыжылдықта аймақта 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 184 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде кірпіш зауыты, мұнай-газ секторына арналған құрал-жабдықтар өндірісі мен минералды су шығару цехы бар. Алдағы уақытта метанол өндірісі бойынша гахохимиялық кешен құрылысы, Сәтимола кен орнында калий тұзын шығаруға арналған кешен салу және Қарашығанақ кенішін кеңейту жоспарланған. Сондай-ақ мұнай өңдеу зауытын ашу мәселесі талқыланып жатыр.

    Орал
    Фото: БҚО әкімдігі

    Аймақта құрылыс саласы да қарқын алды. Ағымдағы жылы оның көлемі 215 млрд теңгеге жеткен. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 104 пайызға ұлғайғанын аңғаруға болады. Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін жаңа тұрғын үйлер бой көтерді. Қолданысқа берілген баспаналардың жалпы ауданы 418 мың шаршы метрді құрады. Оның жартысынан көбі көпқабатты тұрғын үйлерге тиесілі.

    Өнеркәсіп саласын дамыту нәтижесінде аймақ экономикасының тынысы кеңейді. Алғашқы жартыжылдықта жергілікті өнім көлемі 2,1 трлн теңгеге бағаланды. Сонымен қатар бөлшек және көтерме сауда үлесі 4-5 пайызға артқан. Айта кетейік, өңірде қазір 12 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері еңбек етуде.

    Батыс Қазақстан облысына өзге өңірлердің компаниялары біртіндеп келіп жатыр. Олардың қатарында фанера, есік пен терезе жақтауларын шығаратын кәсіпорындар бар. Республика бойынша алғашқылардың бірі болып ашылған индустриалдық аймақ жергілікті экономиканы күшейтудің негізгі құралына айналып үлгерді.

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.