Шымкенттіктерді сумен қамтып отырған мекеме мемлекет меншігіне өте ме
Жарияланған күні:

Шымкентте мыңнан астам азамат жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұл туралы мегаполисті сумен қамтып отырған ірі кәсіпорын басшылығы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
1998 жылы негізі қаланған мекеме Шымкенттің миллионға жуық тұрғынын сумен қамтамасыз етіп отыр. Ірі кәсіпорында мыңнан астам адам жұмыс істейді. Алайда мекеме өкілдерінің айтуынша, Шымкент қаласы әкімдігінің тарапынан заңсыз тексеріс жиілеп, жұмыстарына кедергі келтіріп жатқан көрінеді. Сондай-ақ жергілікті атқарушы орган кәсіпорынды мемлекет меншігіне өткіземіз деп отырғанын айтады.
"Олар мекемені "біріншіден, тарифтер өте жоғары" дейді. Екіншіден, мемлекет тарабынан берілетін субсидия мақсатына дұрыс жұмсалмайды. Үшіншіден, 26 жыл бұрын заңсыз жекешелендірілген. Төртіншіден, мекемені тиімсіз деп ойлайды", – деді ЖШС бас директоры Анарбек Орман.
Бірақ кәсіпорын басшылығы бұл пікірмен келіспейді. Оның сөзінше, компания жұмыс барысында озық технологияларды пайдаланып, сапалы қызмет көрсетуге барын салып келеді. Сондай-ақ мекеме өкілдері жергілікті биліктің кәсіпорынды үш рет сотқа бергенін айтып қалды.
"Біріншісінде де, екіншісінде де осы компанияның барлық мүлкін мемлекеттің пайдасына қайтару жөнінде тек бір талап-арыз берілген болатын. Бірақ ол талап-арыздар негізсіз. Ешқандай заңға сілтеме көрсетілмеген. Екіншіден, бұл мекеменің мүлкі 26 жыл бұрын жекешелендіріліп алынған. Үшінші рет тек мүлікті қайтарып алу үшін емес, ЖШС құжаттарын заңсыз деп тану жөнінде талап-арыз берді", – деді адвокат Сағатбек Жұман.
Ал Шымкент қалалық әкімдігінің хабарлауынша, мекеме стратегиялық нысанға жатады. Демек мемлекет меншігінде болуы заңды. Сондай-ақ билік өкілдері кәсіпорынға қатысты бірқатар кемшілікті тізіп шықты.
"Ірі мөлшерде экономикалық заң бұзылған. Осы кемшіліктерге байланысты экономиканы демонополизация комиссиясына ұсынылған. Сол комиссияның отырысында шешім қабылданған", – деді Су құбыры және канализация басқармасының бас технологі Нұриддин Жарболов.
Сондай-ақ қала әкімдігі мекеме мемлекет меншігіне өтсе де, жұмысшылар қызметін жалғастыра беретінін айтты. Ал кәсіпорынның басты талабы – жұмысын қалыпты режимде жалғастыру.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2189760-shymkenttikterdi-sumen-qamtyp-otyrgan-mekeme-memleket-menshigine-ote-me/