Қаржы

Зектілері

Түркістан облысы "кедей" өңір болып санала ма: әкім жауап берді

Жарияланған күні:

Читать на русском
Ауыл көрінісі
Ауыл көрінісі. Фотосурет: NUR.KZ

Бүгін, 28 қарашада Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір елдегі "кедей" аймақтар арасында көш бастап тұрғаны туралы сұрақ қойылды. Сауалға жауап берген әкім Түркістан облысын "кедей" өңір деп санамайтынын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Кедей өңір деп айта алмаймын, байлығымыз – халқымыз. Бірақ бізде бар болғаны 20 облыс бар екенін ескеру керек. Бірақ олардың тек 3-еуі ғана донор болып саналады. Бұл – Астана, Алматы және Атырау облыстары. Қалған өңірлер дотацияда отыр. Қай өңірлер республикаға бюджетті көп төлейді десе, қайтадан Астана, Алматы, Атырау облысы, тағы бір облыс және бесінші орында – Түркістан облысы", - деді Дархан Сатыбалды.

Өңір басшысының айтуынша, жыл басынан бері облыс жергілікті және республикалық бюджетке 650 миллиард теңге салық төлеген.

"Табыс жағынан біз 20 облыстың ішінде 5-орындамыз. Бірақ сол табысты жан басына шаққан кезде, халық саны көп болғандықтан, кейбір облыстардан екі-үш есе, ал тіпті кей өңірлерден 7-8 есе көппіз. Сондықтан жан басына шаққан кезде азайып қалады", - дейді өңір басшысы.

Әкімнің айтуынша, көпбалалы аналардың төрттен бірі, яғни, елімізде 800 мыңға жуық көпбалалы ана болса, оның 190 мыңы Түркістан облысында тұрады. Дархан Сатыбалды жанұяда бала саны көп болған соң, жан басына шаққанда табыс көзі азаятынын жеткізді.

"Мен өзім Келес ауданында өстім. Анам да, әкем де жұмыссыз қалды, алты ұл болдық. Бірақ, тоқ жүретін едік, үйде мал ұстадық. Шаруашылық жүргізіп, мал ұстағандықтан, май, айран, сүт, нан да болды, бау-бақша егіп, өзімізді қамтамасыз еттік. Бұл табыс болып есептелмейді ғой. Біздің Түркістан облысының 80 пайызы ауылдық жерде тұрғаннан кейін шаруашылық да көмек болады", - деп түйіндеді сөзін облыс басшысы.

Айта кетейік, Дархан Сатыбалды Түркістан облысының әкімі болып 2022 жылдың тамыз айының соңында тағайындалған болатын. Бұған дейін Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2193792-turkistan-oblysy-kedei-ongir-bolyp-sanala-ma-akim-zhauap-berdi/